Жаңалықтар

Ең әлжуаз ұрпақ бүгінгі және болашақ зейнеткерлер – Тамара Дүйсенова

Ең әлжуаз ұрпақ бүгінгі және болашақ зейнеткерлер – Тамара Дүйсенова
Фото: azh.kz 07.02.2023 16:14 1286

Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақы жинағына қатысты өзгерістерге шолу жасады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының ғимаратында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Бүгінгі жүйе зейнеткерлердің үш ұрпағына қатысты болып отыр. Бірінші – аға ұрпақ. 1998 жылға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер. Олардың саны 300 мыңнан астам. Базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақысы 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін. Екінші – бүгінгі ұрпақ. Зейнет жасына 1998 жылы 1 қаңтардан кейін шыққан және осы уақытқа дейін еңбек өтілі болған базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджет алып отырған азаматтар. Қазір осы топтағы зейнеткерлер саны 1,9 млн азаматқа жетті», - деді министр.

2030 жылға қарай зейнеткерлердің саны 2,6 млн-ға жетеді деген болжамның барына тоқталды.

«Алдағы уақытта зейнеткерлік жасына жететін азаматтардың зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтар дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына байланысты төмен болғалы тұр. Ал бұл айырманың орнын толтыратын жинақтаушы қордағы зейнетақы жинағы әлі жеткіліксіз. Үшінші ұрпақ – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, мемлекеттен тек қана базалық зейнетақы алады. Ал қалған зейнетақысын бірыңғай жинақтауыш қорынан жинақтаушы зейнетақысы ретінде алып отырады», - деді министр.

Министр ең әлжуаз ұрпақ бүгінгі және болашақ зейнеткерлер екенін атап өтті. Бұл мәселелердің алдын алу мақсатында бүгінгі ұрпақ зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін көбейту және еңбек зейнетақысының көлемін есептеу керек. Ол  үшін қолданылатын ең жоғарғы табыстың көлемі 46-дан 55 айлық көрсеткішке дейін немесе экономикадағы орта айлық жалақысының 70%-ына дейін арттыру қарастырылып жатқанын айтты.

«Бұл ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылды және 5 жылға жалғасады. Бұл зейнеткерлердің толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді. Ал зейнетақыны өз жинақтық есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы қарастырылған. 2022-2028 жылдар арасында 1,5%-5%-ға дейін өсіру қарастырылған. Бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін ала алады. Мемлекет есебінен базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен шартты зейнетақы, өз жинақ қорынан берілетін зейнетақы», - деді.

Бұдан бөлек, кодекс жобасында өз активтерін басқару бойынша салымшылар құқығын кеңейтуге қатысты қосымша өзгерістер қарастырылған. Енді белгіленген жеткіліктілік шектен жоғары зейнетақы жинаған азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайтын болады.

«Сондай-ақ, салымшылар бар зейнетақы жинақтарының 50%-дан аспайтын бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және мұндай компанияны өздері таңдауға құқылы. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тек Ұлттық банк басқаратын жинақтар бөліміне беріледі. Ал жеке басқа берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді ескеру тиіс», - деді Тамара Дүйсенова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға