Жаңалықтар

Елордалық жастар экологиялық акция ұйымдастырды

Елордалық жастар экологиялық акция ұйымдастырды
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 19.03.2024 17:33 314

Наурыз мейрамының онкүндігі аясында Жаңару күніне байланысты елордалық жастар шаһардағы аулаларды қардан тазартты. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлары бастама көтеріп, басқа да жастар ұйымдары қолдаған бұл акцияға 50 шақты белсенді атсалысты.

Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Наурыз мерекесі 10 күн бойы тойланып жатыр. Наурызнамаға сәйкес, елордалық жастар экоакциялар ұйымдастыруда. Өздеріңіз білесіздер, Астанаға көктем кеш келетіндіктен, әлі де қар тазалау мәселесі өзекті. Сондықтан Жаңару күні жастар қаладағы үлкен аулаларда болып жатқан акцияларға атсалысып отыр. Жастарды осындай экомәдениетті қалыптастыруға шақырамыз, - деді «Қазақстан студенттер Альянсының» төрағасы Ұлан Наукен.

Белсенді жастар акция бұдан кейін де жалғасатынын, саябақтарға көшеттер отырғызу, тарихи орындарға тазалық жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Наурызнамадағы әр күннің маңызы бар. Бүгін – Жаңару күні. Жастар әуелден жаңарудың жаршысы болғандықтан, біз бүгін табиғатпен бірге қаламыз да жаңарсын деген ниетпен үлкен саябақтардың қарын аршып, тазартуға күш салып отырмыз. Осындай игі іске барлық қазақстандықтар да атсалысса, Ұлыстың ұлы күніне дейін нағыз көктем мерекесін сезінетін боламыз, - деді «Қазақстан студенттер Альянсы» төрағасының орынбасары Сағындық Сейіткәрім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға