
Елордалық оқушылар күн энергиясымен жұмыс істейтін фонтан ойлап тапты
Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің жазғы этнолагерінде ерекше экологиялық жоба таныстырылды. Оқушылардың табиғатты қорғауға бағытталған тың идеясы – «Эко-фонтан» жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, жоба мектептегі STEAM бағыты мен экологиялық тәрбиенің ұштасқан нақты үлгісі бола білді.
«Эко-фонтан» – күн энергиясымен жұмыс істейтін, суды қайта айналымға жіберетін инновациялық жүйе. Фонтан табиғи ресурстарды үнемдеп қана қоймай, қалалық ортаға экологиялық және эстетикалық құндылық қосады. Жобаның негізгі мақсаты – суды және энергияны тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаны қорғау.
Фонтанның құрылымына келсек, күн панельдері арқылы қуат алатын сорғы жүйесі суды қайта айналдырады; су ысырапсыз пайдаланылып, қайта өңделеді; жасанды ағаштар, сәндік өсімдіктер мен тастар арқылы табиғи көрініс қалыптасады.
Оқушылар бұл жобаның маңызын үш бағытпен негіздеді: суды үнемдеу, энергияны тиімді пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Эко-фонтан – тек техникалық жаңалық емес, бұл – табиғатпен үйлесімді өмір сүруді насихаттайтын тәрбие құралы. Мектеп ауласында, саябақтарда немесе қоғамдық орындарда қолдануға ыңғайлы мұндай жобалар елорданың экологиялық келбетін жақсартуға да үлес қосады, - делінген мәліметте.
Жоба авторы Әнел Кенжеханның айтуынша, фонтан арқылы балалар экологияны тек теориялық емес, практикалық түрде меңгеріп, күн энергиясының тиімділігін өз көздерімен көре алады.