Жаңалықтар

Елордалық нейрохирургтер сегізкөзге ерекше ота жасады

Елордалық нейрохирургтер сегізкөзге ерекше ота жасады
Фото: neuroclinic.kz 15.05.2023 11:46 890

Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері сегізкөз өріміне ота жасап, ерекше ептілікпен құйымшаққа өскен қатерлі ісікті алып тастады, деп хабарлайды El.KZ ақпараттық агенттігі.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, құны 5 млн.теңгеге жуық соманы құрайтын бұл ота МӘМС жүйесі бойынша жасалған.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл ерекше отадан кейін науқас емін-еркін жүріп-тұра алады. Бұрын мұндай жағдайда сегізкөзді нерв жүйелерімен қоса кесіп тастайтын. Яғни ісікті алудың жалғыз жолы осы болған. Алайда ондай отадан кейін науқас арбаға таңылып қалатын.

Қала тұрғыны Гаухар Ахметова өткен жылдан бері белі ауырып, барлық тексеруден өткен. Құйымшақ тұсындағы шыдатпас дерттен айығудың түрлі амалын қарастырып, Түркия, Израиль елдеріндегі дәрігерлерге де хабарласып көрген. Ондағы дәрігерлер ота құны 50 мың еуро тұратынын, бірақ отадан кейін жүріп кететініне  ешқандай кепілдік бере алмайтындарын айтқан.  

Науқасты жан-жақты тексеруден өткізген Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері ота жасау жолдарын ойластырады.

Сегізкөздің ішінде кіші-үлкен дәретті, аяқтың қимыл-қозғалысын реттеп тұратын нерв жүйкелері орналасады. Ал ол түгел алынса науқасқа өте ауыр болады. Біз жасаған отаның ерекшелігі - ісікті сегізкөзімен алып тастап, ішіндегі нерв жүйелерін сақтап қалдық, - деп түсіндірді нейрохирург-дәрігер Талғат Керімбаев.

Айта кетейік, МӘМС бойынша жасалған бұл отаның құны – 5 млн теңгеге жуық.

Мықты мамандар бізде де бар екеніне көзім жетті. Шынымды айтсам, бұлай жүріп кетем деп ойламадым. Өзіміздің отандық дәрігерлердің ептілігіне, біліктілігіне бас идім. Айтар алғысым шексіз, - дейді емделуші Гаухар Ахметова.

Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері бұл отаны тағы бірнеше адамға жасап, аяғынан тұрғызған. Енді ғылыми мақалалар жазып жариялау арқылы бұл ота жасау әдісін әлемдік деңгейге жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, орталықта жылына 4 мыңнан астам ота жасалады, оның ішінде омыртқаға жасалатын ең күрделі операциялар да бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға