Бүгін елордадағы EcoHub экокеңістігінде оқушыларға арнайы экскурсия өткізілді.
Астанада бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл шығармашылық алаңда қала тұрғындары қайта өңдеуге болатын қалдықтарды тапсырып қана қоймай, олардың қалай өңделіп, қайта пайдалануға жарайтынын да көре алады. Экокеңістіктің қызметі туралы жоба жетекшісі Әйгерім Жарылғапова айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
EcoHub-та қалдықтарды қабылдаумен қатар, шеберлік сабақтары мен тегін экскурсиялар өткізіледі. Онда келушілерге қоқысты бөлек жинау ережелері түсіндіріледі. Сонымен қатар мұнда волонтер ретінде жұмыс істеуге де болады. 30 сағат жұмыс істеген қатысушыларға арнайы сертификат беріледі.
Елордадағы экокеңістікте қағаз, картон, тетрапак, алюминий, металл, шыны, батарейкалар, сондай-ақ №1, №2, №4 және №5 таңбалары бар жұмсақ әрі қатты пластик қабылданады. Сонымен қатар тамақ қуырудан қалған күнбағыс майын да тапсыруға болады. Қалдықтарды өткізбес бұрын түріне қарай бөлек сұрыптау керек. Олар таза әрі құрғақ болуы, құрамында сұйықтық қалдықтары мен май дақтары болмауы тиіс. Арнайы қаптамаға салудың қажеті жоқ.
«Қалдықтарды жеке-жеке сұрыптау маңызды. Себебі олардың әр түрі тиісті қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Кейбірі Астананың өзінде өңделеді. Мысалы, шыны мен батарейкаларды Алматыға жөнелтеміз», – деп түсіндірді Әйгерім Жарылғапова.
EcoHub-тың елордадағы кеңсесінде пластик қақпақтар ғана қайта өңделеді. Ол үшін арнайы велошредер орнатылған. Келушілер педальді айналдырып, қақпақтарды өздері ұсақтай алады. Осылайша алынған пластик үгіндісінен брелок, телефонға арналған тұғыр және басқа да бұйымдар жасалады.
Оларды сатып алу мүмкіндігі де бар.
Ал өзге қалдықтар қайта өңдеумен айналысатын серіктестерге жіберіледі. Мәселен, Қазақстанда алюминий банкаларынан қазан мен радиатор құйылады, ал пластик бөтелкелерден синтетикалық жіп өндіріледі. Пластиктен үстел тақтайшалары, орындықтар, шахматтар мен қабырға панельдері жасалады. Қуыруға пайдаланылған майдан шаруашылық сабыны өндіріледі.
Жоба жетекшісі экологиялық әдетті бойына сіңіргісі келетіндерге бірнеше кеңес берді.
«Ең алдымен, қалдықтарды сұрыптауды тіс тазалау сияқты күнделікті әдетке айналдыру керек. Егер адам бұл іске енді кірісіп жатса, біз оған қандай қалдықтарды қабылдайтынымызды түсіндіріп, көрсетеміз. Бастапқыда сұрыптау ережелерін білмеу – қалыпты жағдай. Дегенмен ең маңыздысы – тұтынуды азайту, яғни бөтелкелерді, түрлі заттар мен қайта өңдеуге келмейтін бұйымдарды барынша сирек сатып алу. Zero Waste тұжырымдамасының бірнеше негізгі қағидасы бар: тұтынуды азайту, заттарды қайта пайдалану және қайта өңдеу. Сондықтан ең алдымен өзіміздің тұтыну дағдымызды өзгертуіміз қажет», – деді Әйгерім Жарылғапова.