Жаңалықтар

Елордалық әуежайда жүк ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Елордалық әуежайда жүк ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: © Polisia.kz 24.10.2023 20:01 589

Астана қаласының халықаралық әуежайында соңғы уақытта жолаушылардың чемодандарын рұқсатсыз ашып, ондағы ақшалай қаражатын, алтын бұйымдарын және басқа да бағалы заттарын ұрлау жағдайларының өсуі тіркелді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен 2023 жылдың тамызында “Астана – Стамбул” бағытының жолаушысы ұшып келгеннен кейін чемоданынан 19 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражатының жоғалғанын анықтады. 

Жол жүгінен 7 800 АҚШ долларын ұрлау туралы дәл осындай өтініш “Астана – Дубай” бағытындағы әуе рейсінің жолаушысынан да келіп түсті. 

Осыған байланысты, көлік полицейлері көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен әуе айлағында жүк тиеуші болып жұмыс істеген 6 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. 

Ұсталғандар өз кінәларын мойындады. Ақшалай қаражаттың бір бөлігі алынып, иелеріне қайтарылды. 

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, күдікті тұлғалардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. 

Сонымен қатар тергеу органы ҚПК-нің 200-бабы тәртібінде елордалық әуежайға қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізді, бұл соқыр зоналарды алып тастау, қызметкерлерге қойылатын талаптарды қатаңдату және басқа да шаралар. 

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға