Жаңалықтар

Елордалық «Астана» баскетбол клубы жеңіске жетті

Елордалық «Астана» баскетбол клубы жеңіске жетті
Фото: pbcastana.kz 14.12.2023 10:22 660

Елордалық «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай Лигасы аясындағы өз алаңында өткен 8 ойынның, 5-еуін жеңісті нәтижемен аяқтады. Астана осы маусым барысында Автодор, Локомотив – Кубань, Уралмаш, МИНСК, Самара командаларын тізе бүктіріп, былтыр маусым бойы еншілеген жеңістердің санын жаңа маусымның ортасына таяған тұста тағы қайталады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бір ескере кететін жайт, қазақстандық команданың бюджеті өзге клубтармен салыстырғанда ең төмен ұжымдардың бірі. Бұл көрсеткіш жағынан «Астана» командасы 14 клубтың ішінен 12 орында тұр.

Осы жылы елордалық команда өз философиясын өзгертіп, жаңа екі жас ұжымды құрды. Олардың бірінші ел чемпионатында өнер көрсететін – «Астана Академиясы» командасы. Құрамында екі легионері бар ұжымның басым бөлігін қазақстандық жас баскетболшылар құрайды. Олардың қатарында Мағжан Сәрсенғалиев, Әмірәлі Сүлейменов, Валерий Симонов және Александр Оразбековтер бар.

«Астана Академиясы» командасы жас ұжым екендігіне қарамастан, жүлделі орындарға мүдделі екендігін дәлелдеп келеді. Елордалық ұжым қостанайлық Тобыл, ақтаулық Каспий, Алматы Легионы ұжымдарын қос сериядан тұратын Қазақстан чемпионатының матчтарында жеңіске жетті.

Екінші, «Астана Жастар» командасы Павлодар қаласында 23 жасқа дейінгі ерлер арасында өткен жарыста Қазақстан кубогінің жеңімпазы атанды.

Өткен маусымда клубтың басты жетістігі ретінде біздің жас жобаларымызды ерекше атап өтуге болады. Солардың ішіндегі ең ерекшесі  «Астана Жастар», «Астана Академиясы» командалары мен оң жағалаудан клуб академиясының жаңа залының ашылуын айта аламын. Біздің шәкірттеріміз болашақта командамыз бен еліміздің көк туын желбіретіп, ұлттық құраманың намысын лайықты түрде қорғай алатынына сенімдімін. Бізге артылған зор сенім мен көрсетілген көмек үшін Sport Qory спортты қолдау қорына ерекше алғысымды білдіремін, - деді «Астана» кәсіби баскетбол клубының Бас директоры Самсон Аракелян.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға