Жаңалықтар

Елордалық пара бишілер әлем кубогында топ жарды

Әлемдік жарыста өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы 2 алтын, 8 күміс және 5 қола жүлдеге ие болды
Елордалық пара бишілер әлем кубогында топ жарды
Фото: gov.kz 13.09.2022 18:24 671

10-12 қыркүйек аралығында Словакия елінің Кошице қаласында арбамен билеуден әлем кубогы өтті. Аталмыш сайысқа әлемнің 15 елінен 100-ге жуық параспортшы бақ сынасты, деп хабарлайды El.kz порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Барлығы жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыру жағы керемет болды. Өткен жері де әдемі. Ол жерде біз барған кезде барлық жағдайды жасады. Басқа елге деген құрмет қошеметтері ерекше назарда болды.»,- дейді жеңімпаздардың бірі Севда Алиева.

Әлемдік сахына төріне үздік спортшылармен шыққан жерлестеріміз рекордтық жүлделер мен әлем кубогын жеңіп алды. Олар жарыс барысында классикалық, еуропалық және латынамерикалық би түрлерінен, сондай-ақ «фристайл» мен «single» дисциплинасында жарысқа түсті.

ҚР қазіргі заманғы және спорттық би федерациясының президенті, ҚР жұп би федерациясының бас жаттықтырушысы Әлия Түсіпбекова жарыс кезінде болған қызықты оқиғаларымен ой бөлісті.

«Халықаралық паралимпиада комитетінің ұйымдастыруымен өткен сайыста еліміздің үздік бишілері ел намысын жоғары деңгейде қорғады. Жыл сайын арбамен билеу өнері кеңінен тарап келеді. Мұндай іс-шаралар қатысушылардың еңбегін тамашалауға және оны бағалауға мүмкіндік береді. Бишілер жарысқа жауапкершілікпен қарап, жаңа биіктерден көрінуге ұмтылады. Осы жарыс барысында бізде бір қызық оқиға болды. Жарыс болатын Кошице қаласының әуежайында киімдеріміз бен жүгіміз жоғалды. Алайда бұл жақсы нәтиже көрсетуімізге кедергі болған жоқ. Бишілеріміздің өз арбасымен емес, өзге арбамен өнер көрсетуі – жеңіске деген жігерліктің белгісі, осының арқасында топ жарып шықтық. Айтарым, ішкі қалауың болса кез келген шыңды бағындыруға болады. Бәрі өз қолында», - деп бас жаттықтырушы өз ойымен бөлісті.

Әлемдік жарыста өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы 2 алтын, 8 күміс және 5 қола жүлдеге ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға