Жаңалықтар

Елордада отбасы мерекесіне орай арнайы фестиваль өтті

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры бұл фестивальді биыл үшінші рет ұйымдастырып отыр
Елордада отбасы мерекесіне орай арнайы фестиваль өтті
Фото: gov.kz 17.09.2022 14:26 1478

Мемлекеттік академиялық филармонияда Отбасы күніне орай «Бақытты отбасы – мықты мемлекеттің негізі» атты фестиваль өтті, деп хабарлады El.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры бұл фестивальді биыл үшінші рет ұйымдастырып отыр.

Фестивальдің шымылдығы «Отбасы құндылығы» атты бейнероликпен ашылып, «Ай-ару» ансамблінің әсем биімен өрбіді.

Алғашқы құттықтау сөзі Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровқа берілді. Ол барша көрерменді отбасы мерекесімен құттықтай отырып, отбасы құндылықтарын нығайту керектігін атап өтті.

«Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады. Қазіргі таңда қоғамда негiзгi отбасы құндылықтарын нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударылуда. Отбасы институтын нығайту мақсатында осы жылдың тамызында елордамызда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылып, 151 отбасы құжат тапсырған болатын. Ұсынылған өтінімдер санының көбеюі қоғамның отбасы құндылықтарына аса мән беріп, қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен отбасында қалыптасатындығы анық», - деді Қ.Қамбаров.

Фестивальдің ерекше әсер қалдырған сәттерінің бірі – қос зағип баланың шырқаған әні. Олар – 14 жастағы Ернұр Тұрмағанбетов пен 15 жастағы Мөлдір Жантөре.

Іс-шараға қоғам қайраткерлері, қалалық ішкі саясат басқармасы, қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдері, отбасы құндылықтарын насихаттау, гендерлік мәдениетті қалыптастыру, жалпы отбасы институтын нығайтуға үлес қосып жүрген ҮЕҰ мен қоғам белсенділері қатысты.

«Отбасы күні – атаулы мерекелердің бірі. Осы күнге орай фестиваль ұйымдастырылды. Фестивальдің мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасының беделін көтеру, неке мен отбасының ұлттық құндылықтарын насихаттау, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ету, қалыптасқан ұлттық дәстүрдегі қазақстандық отбасының үлгісін насихаттау», - дейді «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті Лимана Құттыбекқызы.

Отбасы күнін мерекелеудің ауқымын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған жиында қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті.

«Мерейлі отбасы – 2022» конкурсының жүлдегері Айнагүл Сағитоваға, «Әлем әйелдері достығы» ҚБ төрайымы Алтынай Тәңірбергеноваға, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тышқанға, кешті әсем әнмен әуелеткен бүлдіршіндер Ернұр Тұрмағанбетов пен Мөлдір Жантөреге белсенділік танытқаны үшін марапаттау қағаздары табысталды.
«Мен бүгін отбасы құндылықтарын арттыру мақсатында өткен кештен өте керемет әсер алдым. «Отан – отбасынан басталады» демекші, біздің жастарымызға ұлттық құндылықтарды, тарихымызды, өзіміздің тілімізді, дінімізді дәріпттеу, үлгілі тәрбие беру үшін осындай кештер өзінің септігін тигізері анық. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Ерекше кештің ажарын ашқан ол зағип бүлдіршіндер. Сондай сезімталдықпен ән орындады. Осындай іс-шаралар көбірек өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді», – дейді көрермен Қымбат Айтқазықызы.

Естеріңізге сала кетейік, 9 жылдан бері қазақстандықтар қыркүйектің екінші жексенбісінде отбасы күнін мерекелейді. Елордада қыркүйек айы бой аталған мерекеге орай бірқатар арналған іс шаралар өтуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға