Жаңалықтар

Елордада мектеп оқушылары арасында шығармалар байқауы өтеді

Елордада мектеп оқушылары арасында шығармалар байқауы өтеді
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 22.09.2023 13:38 501

Астана қаласының оқушылары арасында «Ел жүрегі – Елорда» атты шығармалар байқауы өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz  ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шығармашылық байқау Астана қаласының 25 жылдығына арналады. Байқаудың мақсаты – журналист болуға ынталы оқушыларды қолдап, шығармашылық қабілетін шыңдау, орта және жоғары сынып оқушыларын бейіндік оқытуға үлес қосып, олардың шығармашылық белсенділігін арттыру, газет редакцияларымен байланысын нығайту, елордадағы білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық байланысты дамыту.

Шығармалар 2023 жылдың 15 қыркүйегі пен 15 қазаны аралығында қабылданады.

Байқауға қатысушыларға мынадай талаптар қойылады:

- Байқауға 7-11 сынып оқушылары қатыса алады;
- қатысушы өз шығармасында мектеп оқушыларының білім, инновация, спорт және мәдениет саласындағы әлеуеті мен мүмкіндіктерін ашудағы, арманын жүзеге асырудағы Астананың рөліне тоқталуы тиіс;
- шығармалар қазақ тілінде қабылданады;
- байқауға қатысатын оқушы 1 шығарма ғана ұсынады;
- қабылданған жұмыстар рецензияланбайды және қайтарылмайды;
- мақала А-4 форматында, TimesNewRоman қарпімен, 14 мөлшерде, 1,0 аралықта терілуі керек.
- шығарма 3 беттен аспауы тиіс.

Қатысушылар байқау жұмысын baiqay-astana@mail.ru электронды поштасына жіберілуі тиіс.
Байқау жұмысының электронды нұсқасы (автордың дерегінсіз) бөлек файлмен жіберілуі қажет. Сол сияқты алғашқы беттің оң жағына автордың бүркеншік есімі ғана жазылады. Автор туралы ақпарат бөлек парақта жолданады және келесі мәліметтерді қамтуы керек: аты-жөні, тұрғылықты мекен жайы, телефон нөмірі, электронды поштасы, фотосуреті, автор туралы қысқаша ақпарат.

Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы жүлде қарастырылған. Олар төмендегідей:

Бас жүлде – «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама;
1-орын – планшет;
2-орын – смартфон (екеу);
3-орын – смартсағат (үшеу);
Арнайы сыйлық – сымсыз құлаққап.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға