Жаңалықтар

Елордада ауызсу проблемасын шешу үшін сорғы-сүзу станциясы салынып жатыр

Бұл туралы елора әкімі Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді
Елордада ауызсу проблемасын шешу үшін сорғы-сүзу станциясы салынып жатыр
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official/ 14.09.2022 10:50 1165

Нұр-Сұлтан қаласында 3 газ қазандығының және сорғы-сүзу станциясының (ССС-3) құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы өз парақшасында мәлім еткендей, газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.

«Елордада үш газ қазандығының құрылысы қатар жүріп жатыр. Газ қазандықтарының қуаты ЖЭО-3-тен 3 еседен асып түседі. Тиісінше қазіргі тапшылықтың орнын толтыруға да, құрылыс жұмыстары жүретін жаңа аудандарды жылумен қамтуға да мүмкіндік береді.

Газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Газ қазандықтары жаңа теміржол вокзалының аумағында, Қорғалжын тасжолының бойында және Тельман елді мекенінде орналасқан», - деп жазды қала басшысы.

Осылайша, «Оңтүстік-Шығыс» қазандығы «Мыңжылдық» ауданын, жаңа теміржол вокзалы аумағын, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан өзге аудандарды да жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тельман» қазандығы «Бағыстан» тұрғын үй кешенін, Ұлы Дала даңғылын, «Тельман» елді мекені аумағын қамтитын болады. Үшінші – «Тұран» газ қазандығы Қорғалжын тасжолы мен Тұран даңғылы бойындағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарға жылу жеткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде астана тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады, ал жаңа сорғы-сүзу станциясы қуаттылығы тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам су береді.

«Қаламыздың дамып келе жатқанын ескерсек, қазірдің өзінде суға деген қосымша қажеттілік бар. Осы себепті ССС-3 биыл жыл соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі. Осылайша сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Ал 2023 жылдан бастап ССС-3 жұмысының қуатын арттырамыз», - деді елорда әкімі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға