Жаңалықтар

Елордада Аламан бәйге мен ат жарысы өтеді

Республика күніне 100-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылады
Елордада Аламан бәйге мен ат жарысы өтеді
Фото: gov.kz 19.10.2022 21:13 2510

Елорданың ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов 25 қазан – Республика күні қандай мерекелік шаралар өтетінін айтты, деп хабарлайды El.kz

«Биыл Республика күні мерекесіне орай 100-ден астам мерекелік шара өткізуді жоспарладық. Оның басым бөлігі – мәдени-бұқаралық шаралар. Мәселен, 25 қазан күні 8 үлкен концерт өтеді. Театр сахналарында тақырыпқа сай қойылымдар өтеді. Ең ауқымды мәдени шара – ЭКСПО аумағындағы концерттік бағдарлама болмақ. Онда танымал шығармашылық ұжымдар, әншілер, ансамбльдер өнер көрсетеді», - деді Д. Бабамұратов Қазақстан халқы Ассамблеясында өткен ғылыми-практикалық конференцияда тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, 25 қазан күні елорда ипподромында үлкен Аламан бәйге мен ат жарысы өтеді.

«Одан бөлек, жарыс түріндегі 20-дан астам спорттық шаралар да жсопарда бар. Барлық білім беру ошақтарында, мектептер мен жоғары оқу орындарында Республика күніне арналған дөңгелек үстелдер мен конференциялар өтеді. Мұның бәрі жас ұрпаққа Республика күнінің маңызын түсінуге ықпал етеді», - деді Дәурен Бабамұратов.

Сонымен бірге елордалық мәдениет басқармасының мәліметінше, 25 қазанда Мемлекеттік академиялық филармонияда республикалық айтыс өтеді. «Қазақстан» орталық концерт залында Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концерт өтеді. Бейбітшілік және келісім сарайында «Мәңгілік ел дауысы» концерттік бағдарламасы көрсетіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға