Жаңалықтар

Елорда әкімі су тапшылығы туралы: Бір айдың ішінде шешіледі

Елорда әкімі су тапшылығы туралы: Бір айдың ішінде шешіледі
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 06.06.2023 22:09 575

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бас қаладағы су мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы қала басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.  

Соңғы уақытта Астана қаласында су тапшылығы мәселесі көтеріліп жатыр. Рас, қаламызда мұндай проблема бар. Қазіргі уақытта тәулігіне 25 мың кубометр су жетіспейді. Қаламыз күн санап өсіп жатыр. Жылына кем дегенде 60-70 мың жаңа тұрғын қосылады, ал соңғы 3 жылдың ішінде қаламызда тұратын азаматтардың саны 200 мың адамға артты. Келесі мәселе – соңғы айда суару жұмысы басталып кетті. Өткен аптада болған +30 градустан асатын аптап ыстық осы аптада да жалғасады деп болжанып отыр. Бүгін де өздеріңіз жақсы білесіздер, күн райы +30 градустан асып тұр, - деп жазды әкім.

Сондай-ақ ол  2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастағанын тілге тиек етті.

Бірінші нысан – қазір өздеріңіз көріп отырғандай, мынау сорғы станциясы. Бұл нысанның құрылысы осы айдың соңына дейін толығымен бітеді және қалаға қажетті күніне 25 мың кубометр су берілетін болады. Екінші нысан – су құбыры, яғни Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры. Бұл нысан да аяқталып қалды. Келесі аптада толығымен құрылыс жұмысы бітеді және қалаға қажетті су қысымы берілетін болады. Сонымен, бір айдың ішінде бүгінгі су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Ал тамыз айында бұл станцияның екінші кезеңінің құрылысы бітеді. Тиісінше қалаға күніне қосымша 85 мың кубометр су берілу мүмкіндігі пайда болады. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті, - деді Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға