Жаңалықтар

Еліміздің жоғары оқу орындары су тасқыны кезінде елеулі көмек көрсетті

Еліміздің жоғары оқу орындары су тасқыны кезінде елеулі көмек көрсетті
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі 07.04.2024 16:42 290

Қазақстан өңірлері адам өміріне және қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымына қауіп төндіретін ауқымды су тасқынына тап болды. Еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындары су тасқыны салдарымен күресуге белсенді атсалысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Күрделі су тасқыны жағдайы байқалатын өңірлердің жоғары оқу орындарындағы жағдай тұрақты. Барлық жоғары оқу орындарының ғимараттары мен жатақханалары зардап шеккен жоқ.

Үйлерінен айырылған азаматтар үшін жоғары оқу орындары жатақханаларында уақытша баспана беруге дайын.

Атап өтер болсақ, Ш. Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғындары үшін 200 орын дайындалды. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Рудный индустриалды университеті және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ және басқа да жоғары оқу орындары уақытша баспанасыз қалған азаматтар үшін жатақханаларда 100-ден 750-ге дейін орын беруге әзір.

Сонымен қатар, университет студенттері еріктілер қатарында табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуде.

Профессор-оқытушылар құрамы мен ЖОО қызметкерлері және студенттер арасынан шыққан еріктілер су тасқыны болған өңірлерден эвакуацияланған азаматтарға және зардап шеккендерге, сондай-ақ эвакуация аймағында жұмыс істейтін мамандарға ыстық тамақ беріп, гуманитарлық көмек тарату жұмыстарына қатысуда.

Жалпы, қазіргі уақытта тәуекел аймағы бар өңірлерде орналасқан жоғары оқу орындары үшін қауіп жоқ. Жоғары оқу орындарының студенттері арасынан еріктілер тек қалалар шегінде ғана көмек көрсетеді. Су тасқыны ошақтарындағы жұмыстарға тартылған жоқ.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі барлық жоғары оқу орындарына студенттерді қауіпті аймақтарға жібермеуге және қауіпсіздік шаралары туралы ескертуге ұсыныстар берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға