Жаңалықтар

Еліміздің өнеркәсіп саласының қарқыны қандай?

Еліміздің өнеркәсіп саласының қарқыны қандай?
Фото: © El.kz 22.12.2023 14:00 1410

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында еліміздің экономикалық бағытын негізге алды. Соның ішінде еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету керек екенін атап өтті. El.kz ақпарат агенттігі биылғы жылды қорытындылай келе, еліміздің өнеркәсіп саласындағы жаңалықтарға шолу жасамақ. Осы тұста сенат депутаты Серік Өтешов өнеркәсіп саласындағы еліміздің алға қойған жоспарларына тоқталды. 

– Еліміздің өнеркәсіп саласының бүгінгі қарқыны қандай? Келер жылға қандай жоспар бар? 

Қазіргі таңда өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. 2023 жылы өнеркәсіп саласында 802 миллиард теңгеден асатын 170 жобаны енгізу жоспарланып отыр. Осының арқасында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі уақытта шамамен 376,3 млрд теңгені құрайтын 91 өнеркәсіп нысаны іске қосылды. Өнеркәсіпте жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың, мысалы ретінде жылына 4 млн тоннаға дейін ыстық брикеттелген темір өндіретін Қостанай облысындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ зауытын атап өтуге болады. Бұл Қазақстанда көміртегісіз «жасыл болат» өндірудегі алғашқы қадамы.

Сонымен қатар, Алматы қаласында Қытайдың Chery, Changan, Haval маркалы жеңіл автомобильдерін шығаратын «Астана-Моторс Мотор Компани» ЖШС мультибрендті зауыты 2200 жұмыс орнын құру және жылына 90 мыңға дейін автомобиль шығару жоспары бар. Тағы бір мысал, Жамбыл облысындағы «Казфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыты. Бұл зауытта 1500 жұмыс орнын құру және 4 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар шығару жоспарланып жатыр. Осыған байланысты ҚР Парламенті Сенаты тұрақты негізде мүдделі мемлекеттік органдармен, Қазақстанның машина жасаушылар одағымен, сонымен бірге өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мәселелері жөніндегі қауымдастықтармен өзара байланысты жүзеге асырады.

– Осы саланы ілгерілету үшін депутаттар қандай бастаманы қолға алды?

Депутаттардың көптеген бастамалары заңнамалық қолдауға ие болды. Мәселен, 2023 жылы 1 мамырда енгізілген «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен құны 50 млн доллардан асатын инвестициялық жобаларға келісімге отыруға мүмкіндік берілді. Бұл ұлттық заңнаманың тұрақтылығына 25 жылға кепілдік беретін инвестициялық келісім.  

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» кәсіпкерлік кодексіне бірқатар түзетулер енгізілді. Оның ішінде 500 миллион доллардан астам инвестициялау кезінде салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісімге өзгертулер енгізілді.

Мұнай-газ саласындағы кешенді жобаларға инвестиция тарту үшін 2023 жылдан бастап жетілдірілген үлгілік келісімшартты жасау кезінде фискалдық ынталандырулар енгізілді.

Қазіргі уақытта Сенатта қарастырылып отырған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның шеңберінде геологиялық барлау мен көмірсутектерді өндірудің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған нормалар көзделген. Сонымен бірге кен орындарын игеру процесінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылық және әкімшілік шығындарын азайту көзделіп отыр.

Бүгінгі күнге дейін өнеркәсіп саласындағы шешімін таппаған қандай мәселелер бар және оны мемлекет қалай шешіп жатыр?

Қазіргі кезде өңдеу өнеркәсібінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін де ескере кету керек. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің экстенсивтілігі мен шикізаттық бағыттылығы, локализацияның төмен деңгейі, сондай-ақ төмен өңделген өнімдерді өндіруге бағдарлану сияқты проблемалық мәселелер әлі де шешілмеген. Осыған байланысты өңдеуші өнеркәсіпті ұлттық экономиканы дамытудың негіздерінің біріне нақты трансформациялау жөнінде жедел шаралар қабылдау қажет.Ол үшін заңнамалық түзетулерді қабылдау ұсынылады. Біріншіден, жер қойнауын пайдаланушыларға шикiзаттың бiр бөлiгiн жеңiлдiкпен iшкi нарықта сатуға бағыт беру. Екіншіден, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар шеңберінде мемлекеттік қолдау алған немесе жеңілдіктері бар компанияларға қарсы міндеттемелерді белгілеу. Қазақстан Парламентінің Сенаты елдің индустриялық саясатын қалыптастыру және іске асыру кезінде заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ алдағы уақытта да өңдеу өнеркәсібін заңнамалық қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға