Жаңалықтар

Еліміздің көлік саласында 14 мыңға жуық маман жетіспейді

Еліміздің көлік саласында 14 мыңға жуық маман жетіспейді
Фото: gov.kz 23.11.2023 04:30 380

Көлік министрлігі мен Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес көлік саласы үшін мамандар даярлау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кадрлар тапшылығы мәселесін талқылауға көлік министрі Марат Қарабаев, вице-министр Мақсат Қалиақпаров, Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орнынан кейінгі білім Комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова, сондай-ақ азаматтық авиация, автомобиль жолдары, автомобиль көлігі және көліктік бақылау, теміржол және су көлігі, көлік саясаты, стратегиялық жоспарлау және жобалық басқару департаменттерінің басшылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар кадрларды даярлау тетіктерін жетілдіру бойынша проблемалық мәселелер мен ұсыныстарды қарады.

Көлік министрлігінің басшысы кеңес барысында бүгінгі таңда көлік саласындағы кадрлардың жалпы қажеттілігі шамамен 13 800 адам екенін атап өтті. Оның ішінде, авиация саласында – 600 адам, автожол саласында 6,5 мың адам, теміржол көлігі саласында 3,5 мың адам, теңіз көлігінде 3,2 мың маман қажет.

Сондай-ақ министр аталған жағдай не себептен орын алып отырғаны жөнінде айтып өтті.

«Қазіргі таңда 2,5 мыңға жуық адам білім алып жатыр, оның ішінде 1 730 студент мемлекеттік гранттың иегері. Алайда, білім алушылардың саны жыл сайын 20%-ға азайып келеді. Бұл ретте мамандыққа деген сұраныстың төмен болуы бөлінетін грант санының жеткіліксіздігімен байланысты болып отыр. Мәселен, қазіргі уақытта «көлік құрылысы» деген дайындық бағыты жоқ. Осының аясында зейнеткерлікке дейінгі және зейнеткерлік жастағы қызметкерлердің үлесі 30 пайызға дейін өсті», - деді көлік саласына жауапты ведомствоның басшысы.

Салалық министрлік көлік секторы кадрларының тапшылығы мәселесі түбегейлі шешімдер қабылдауды талап етеді деп санайды. Атап айтқанда, бакалавриатқа жыл сайын бөлінетін гранттар санын 1 мыңға дейін, магистратураға – жүзге дейін, ал докторантураға арналған грант санын 20-ға дейін арттыру қажет деп санайды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 16 қараша Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен көлік саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ғылым және жоғары білім министрлігіне Көлік министрлігімен бірлесіп «Көлік құрылысы» факультетін «Автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы», «Көпірлердің және көлік тоннельдерінің құрылысы», «Теміржол құрылысы» және «Газ-мұнай құбырлары мен газ-мұнай қоймаларының құрылысы» мамандықтарына бөле отырып, көлік саласының техникалық мамандықтары бойынша қосымша гранттар бөлу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылған болатын.

Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар экономиканың тиісті салаларының қажеттіліктерін ескере отырып, гранттарды бөлу тетіктерін қайта қарау, сонымен бірге авиация саласы үшін кадрлар даярлау деңгейін қамтамасыз ету және арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуге тиіс.

Жалпы еліміз бойынша көлік саласы мамандарын 20 колледж бен 11 жоғары оқу орны дайындайды. Олардың қатарында, Азаматтық авиация академиясы, Логистика және көлік академиясы, Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Toraighyrov University, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Қазақ қатынас жолдары университеті, ҚБТУ жанындағы Қазақстан Теңіз академиясы мен  Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға