Еліміздің энергетика саласында 4,5 мың маман жетіспейді

Жоғарғы аудиторлық палатада еліміздің энергетика саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне жүргізілген ауқымды аудиттің қорытындылары қаралды. Бұл шара Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аудитке қамтылған ұйымдар мен негізгі деректер
Аудиторлық іс-шаралар Энергетика министрлігімен қатар «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС секілді негізгі ұйымдарды қамтыды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 233 электр станциясы жұмыс істейді. Сұраныстың 78%-ы жылу электр станцияларымен қамтылса, газтурбиналық станциялардың үлесі – 9,6%, гидроэлектр станциялары – 8,5%, ал жаңартылатын энергия көздері – 3,9%.
Теңгерімсіздік пен тозу деңгейі
Аудит қорытындысында өңірлердегі энергия өндіру мен тұтыну арасындағы теңгерімсіздік ерекше атап өтілді. Энергияның көп бөлігі солтүстікте өндіріледі, ал тұтынудың төрттен бірі оңтүстікте. Тек Павлодар, ШҚО және СҚО өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады.
Жалпы энергетика саласындағы негізгі проблема – қуат көздерінің ескіруі. Генерациялық станциялардың тозу деңгейі 55%-ға, электр желілерінің тозуы 76%-ға жеткен.
Кадр тапшылығы мен шетелдік тәуелділік
Салада шамамен 4,5 мың маман жетіспейді. Жастардың қызығушылығы төмен, жалақы да аз. Сонымен қатар салада шетелдік жабдыққа тәуелділік сақталуда.
Тариф саясаты және ашықтықтың болмауы
Энергетика министрлігінде электр энергиясын өндіру мен өткізуге кеткен шығындарды мониторингтеу функциясы жоқ. Бұл энергия компаниялары үшін шекті тарифтердің негізділігіне әсер етеді, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Аудит барысында тарифтерге қатысты бірнеше кемшілік анықталған. Тарифтер жария тыңдаусыз бекітіліп, сметалар мен есептер ашық емес.
Майнинг индустриясы мен нарықтағы бақылаусыздық
2024 жылы майнерлер шамамен 1 млрд кВт*сағ электр энергиясын тұтынған. Олар Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, сыртқы компаниялардан энергия алған. Бұл ретте Смайылов:
Энергия тапшылығы жағдайында майнерлердің электр қуатын осылай бақылаусыз тұтынуына қалай жол беруге болады? – деп сын айтты.
Қаржылық бұзушылықтар мен тиімсіз жобалар
Аудит нәтижесінде анықталған жалпы қаржылық заң бұзушылықтар – 66 млн теңге. Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау – 9,5 млрд теңге, активтерді тиімсіз пайдалану – 104,7 млрд теңге.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның соңғы 10 жылда іске асырған жобалар саны – төртеу ғана. Ал тоқтатылған жобалардан келген шығын – 199 млрд теңге. Ең ірілері – Балқаш ЖЭО (102 млрд) және Екібастұз ГРЭС-2 (61,2 млрд).
