Жаңалықтар

Еліміздің басты баскетбол клубы халықаралық маусымды аяқтады

Еліміздің басты баскетбол клубы халықаралық маусымды аяқтады
28.04.2022 16:58 2885

 «Астана» кәсіби баскетбол клубы ВТБ лигасының 2021-2022 жылдардағы маусымындағы өз ойынын аяқтады. Елордалық ұжым негізгі турнирді еңсеріп, плей-офф кезеңіне шығамыз деген мақсатына қол жеткізе алмады. Бүгін біз еліміздің басты баскетбол клубының осы маусымдағы жүріп өткен жолына зер салмақшымыз. Осы маусымдағы ойын жайында «Астана» командасының бұрынғы бапкері Дарко Руссо және баскетболшы Марк Тихоненкомен сұхбаттасқан болатынбыз.

«Астана» командасы маусым басында бұл жолғы жорығын тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арнаймыз деп мәлімдеме жасады. Көп ұзамай команда құрамына 22 жастағы жас қазақстандық ойын үйлестіруші қорғаушы Олег Балашов, америкалық плей-мейкер Энтони Хикки, АҚШ-тың Калифорния штатының тумасы, форвард Скайлар Спенсер, ресейлік форвард Марк Тихоненко, шабуыл ойыншысы, АҚШ азаматы Антонио Кэмпбелл, америкалық қорғаушы Джейлен Барфорд сынды ойыншылар келіп қосылды. Оған қоса Рустам Мұрзағалиев, Максим Марчук, Дмитрий Гаврилов, Николай Бажин, Роберт Пан, Асқар Майдекин, Вадим Щербак, Руслан Айтқали және Андрей Литвиненко сынды қазақстандық баскетболшылар елордалық командамен келісім шарт мерзімдерін ұзартып, жаңа маусымға «Астана» кәсіби баскетбол клубымен бірге қайта қадам басқан еді. Осы ойыншылардың барлығын топтастырып, команданың жаңа бас бапкері Дарко Руссо да өз жұмысын бастады және өзінің алғашқы сұқбатында былай деп айтқан болатын.

Еліміздің басты баскетбол клубы халықаралық маусымды аяқтады

«Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім, бәрі де көңілімнен шықты. Ал, Нұр-Сұлтан – өте әсем қала. Қазақ еліне келерден бұрын команда жайлы көп ақпарат жинадым, өткен маусымдағы ойындарды шолып, баскетболшылардың жай-күйін біліп шықтым, оның ішінде, әрине, қазақстандық баскетболшылар да бар. Менің ойын философиямдағы басты дүниелердің бірі – ол командадағы жайлы атмосфера, тыныштық, өзара келісім жасай білу»,- деді Дарко Руссо.

Маусым алдындағы жиындарын Литва елінде өткізген «Астана», Раймундо Саргуно кубогының күміс жүлдегері атанды. Латвиялық және литвалық клубтармен бірнеше ойындар өткізіп, маусымға дайындықты пысықтады. Ұлттық лигада алдына жан салмайтын елордалық баскетбол клубы ішкі біріншіліктегі жарыс жолын «Барыс Атырау» командасына қарсы сырт алаңдағы жеңіспен бастады. Атыраудағы екінші ойын да «Астана» командасының пайдасына шешілді. Маусымды өте жақсы бастаған Дарко Руссо шәкірттері ВТБ лигасын аясындағы алғашқы ойынын өткізуге дайындала бастады.

Жалпы, «Астана» командасының ВТБ лигасындағы алғашқы матчы сырт алаңда, азуын айға білеген «Зенит» баскетбол клубына қарсы өткізді. Бұл додадағы маусымды да сәтті бастау өте үлкен маңызға ие болғандықтан, Дарко Руссо осы матчта өз командасынан жақсы нәтиже күтті. Ойын да елордалықтар үшін жақсы басталды. Ойынның бірінші ширегін «Астана» он ұпай басымдығымен аяқтады. Алайда «Зенит» екінші ойын кезеңінде он бес ұпайға басым түсіп, жалпы есепте алға шықты. Үшінші кезеңде Рустам Мұрзағалиев бастаған команда он бес ұпай басымдығына ие болды да, өте қиын өткен шешуші, төртінші кезеңде де елордалықтар қарсыластарына дес бермеді. Жалпы есеп 69:83, «Астана» ВТБ лигасындағы маусымды осылайша жеңіспен бастаған. Бұл матч «Астана» ойыншыларының тамаша үш ұпайлық ұмтылыстарымен, Джейлен Барфордтың еншілеген 24 ұпайымен және біздің командамыздың өз тарихындағы Санкт-Петербор шаһарындағы екінші жеңісімен есте қалды.

«Бұл матчта біз Еуропаның үздік командаларының бірін жеңген едік. Маусымды шілде айында бастап, күн сайын еңбек еттік. «Зенит» оңай ғана жеңіске жетеді деп есептегендер көп болды, бірақ біз берілмедік. Қорғанысымыз берік болды да, шабуылда байыппен ойнадық», - деп еске алады Дарко Руссо.

«Нижний Новгород» командасына қарсы сырт алаңдағы ойында жеңіске өте жақын болған «Астана», түбінде бар-жоғы үш ұпайға ғана артта қалып, жеңіліс тапты. Дегенмен, келесі матчта, ВТБ лигасы маусымындағы өз алаңындағы алғашқы ойында польшалық «Зелена Гура» ұжымынан айласын асыра білді. ВТБ лигасындағы елордалықтардың келесі ойынында жанкүйерлердің жүйкелері сыр бере жаздады. Өте тартысты өткен кездесу, әсіресе, соңғы минуттарда шиеленісе түсті. Ақыр соңында «Автодор Саратов» 83:82 есебімен жеңіске жетті. Иә, «Астана» екінші ойын қатарынан жеңілді, алайда бұл ойында біздің команда ойыншысы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Себебі Джейлен Барфорд ВТБ лигасы аясындағы өзінің алғашқы төрт ойынында 106 ұпай жинап, осы лига өз бастауын алғалы соңғы уақыт ішінде ешкім де еңсере алмаған нәтижесімен тарихта қалды. Маусымды жақсы бастаған Нұр-Сұлтандық ұжым 2021 жылды сәтті аяқтай алмады. «Автодор Саратов» командасынан жеңілгеннен кейін, «Астана» сырт алаңда қазандық «УНИКС» пен эстониялық «Калев» командаларына жол берді. Ал, 2021 жылғы өз алаңындағы соңғы матчта «Енисей» командасымен негізгі уақытта тең түскенімен, қосымша ойын кезеңінде жеңіліп қалды. Одан кейін, сырт алаңда «Парма» командасына қарсы ойында, тағы да, қосымша ойын кезеңінде жеңіске қол жеткізе алмады. Осылайша, «Астана» кәсіби баскетбол клубы 2021 жылы ВТБ лигасында 8 ойын өткізіп, 2 ойында жеңді, қалған 6 ойында қарсылас командалар жеңіс тойын тойлады.

Еліміздің басты баскетбол клубы халықаралық маусымды аяқтады

Жаңа 2022 жыл елімізге жақсы жаңалықтарымен келмеді. Қаңтардағы қасіретті оқиғалар әр қазақ баласының жадында. Елімізде төтенше жағдай енгізілгеніне байланысты «Астана» командасының ойындары да кейінге шегерілді. Дегенмен кейін жақсы жаңалықтар да көп күттірмеді. БАҚ саласындағы 25 ұйым мен жанкүйерлердің дауыс беру нәтижесі бойынша «Астана» баскетбол клубының ойыншысы Энтони Хикки ВТБ лигасының барша жұлдыздары қатысатын ойында «Әлем жұлдыздары» командасынан орын ала білді. ВТБ лигасы аясындағы 2022 жылдың алғашқы ойынында елордалықтар польшалық «Зелена Гура» командасына жол берді. Сол матчтан кейін команданың үздік сұрмергені Джейлен Барфорд «Астана» сапынан кеткен еді. Барфордтың орнын Энтони Хикки басады деп күткен жанкүйерлердің үміті де ақталды. ВТБ лигасымен қатар Қазақстан кубогы да өз жалауын көтерген. Бұл дода тарихында «Астана» жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген еді және осы маусымда ел кубогын оныншы рет жеңіп аламыз деген мақсаты болған. Кубок жолындағы жарысты сәтті өткізіп келген «Астана», шешуші ойында «Барсы Атырау» командасына қарсы ойнады. Қазақстан кубогы регламентіне сәйкес, бұл жарыста тек қазақстандық баскетболшылар ғана ойнай алады, сол себепті Энтони Хикки, Скайлар Спенсер, Антонио Кэмбелл, Марк Тихоненко сынды ойыншылар аталмыш додада өз командасына көмектесе алмады. Тартысты өткен Қазақстан кубогының шешуші ойыны 66:70 есебімен «Барсы Атырау» командасының пайдасына шешілді. Елордалықтар өз тарихында алғаш рет ел кубогында жеңіліс тапты, тарихта бірінші рет «Астана» командасынан бөлек ұжым ел кубогының иегері атанған еді. Кубоктағы сәтсіздіктен кейін ВТБ лигасына қайта оралған «Астана» кезекті ойынында сырт алаңда мәскеулік «ЦСКА» командасынан басым түсе алмады. Дегенмен бұл жағымсыз жаңалықты жанкүйерлер көп ұзамай ұмытып та кетті, себебі, «Астана» келесі ойында сол кездесудің фавориті саналған «Локомотив-Кубань» командасынан айласын асыра білді. Жаңа жылдағы өз алаңындағы алғашқы ойында елордалықтар мінез көрсетіп, ойын соңында жеңісті тартып алды. Краснодарлық командаға «Астана» сапынан енді ауысып барған Джейлен Барфорд та көмектесе алмады, себебі бұл кеш Энтони Хиккидің жұлдызы жанған кеш еді. Хикки ВТБ лигасы тарихында трипл-дабл жасаған жетінші ойыншы атанды.

Еліміздің басты баскетбол клубы халықаралық маусымды аяқтады

Трипл-дабл – бұл баскетболшының бір ойында үш статистикалық көрсеткіш бойынша кем дегенде он ұпайдан еншілеген нәтижесі. Энтони Хикки 43 ұпай еншіледі, 10 рет қарсыластарынан допты тартып алды және 11 нәтижелі пас асырып берді. Бұл Энтонидің қол жеткізген жалғыз тарихи нәтижесі емес еді. Қарсыластың себетіне доптарын топырлатып түсірген «Астана» ойыншысы сол матчта 43 ұпай жинап, қосымша ойын кезеңдерін есепке алмағанда, негізгі уақытта еншіленген ұпайлар саны бойынша ВТБ лигасы тарихындағы ең үлкен нәтижені еңсерді.

«Соңғы жылдары баскетбол өте қатты өзгерді, ойын өте жылдам өрбитін болды және шабуыл да жаңа деңгейге көтерілді. Бірақ көптеген ұжымдардың қорғанысты екінші орынға қоятыны маған ұнамайды. Баскетболшылар қорғаныста сылбырлау ойнай бастады. Оған қоса, төрешілердің ойын кезінде шабуылдаушы баскетболшының жағына шығып кетуі де жиі орын алады. Мен сол баяғы берік қорғанысты құп көретін жаттықтырушымын. Өз командаммен қол жеткізген оңды нәтижелерге дәл сол ойын қағидаларымен жеттім деп есептеймін», - деп еске алады Дарко Руссо.

Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Дәл осы жеңістен кейінгі маусым соңында дейінгі қалған он ойынның барлығында да «Астана» жеңіліс тапты. Мысалы «УНИКС» командасынан өз алаңында 53:84 есебімен жеңілді, 66:60 есебімен «Цмоки Минск» командасы жеңіске жетті және дәл осы ойыннан кейін Дарко Руссо бас бапкер қызметінен кетті. Елордалық команданың тізгінін жастар баскетболында талай жылдар бойы еңбек етіп келген серб маманы Деян Парежанин өз қолына алды. Минскілік командаға қарсы Деян Парежаниннің басшылығымен өткен матч қосымша ойын кезеңінде 64:65 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді, бұл ойында Энтони Хикки алаңға шықпады. Келісім шарт мерзімі әлі аяқталмаған және келесі маусымға да команда сапында ойнауға ұсыныс алған ол АҚШ елінен Қазақстан астанасына қайта оралмады, осылайша маусымды «Астана» Энтони Хиккисіз жалғастырды.

«Автодор Саратов» командасынан 61:84, «Зенит» баскетболшыларынан 60:94 есептерімен елордалықтар жеңіліс тапты. Маусымдағы ең ірі жеңіліс «Астана» бір жарым ай бұрын жеңген командаға қарсы ойында орын алды. «Локомотив-Кубань» Нұр-Сұлтандық баскетболшыларды 109:57 есебімен ойсырата жеңді. Келесі ойындарда 49:69 есебімен «Нижний Новгород», 48:96 есебімен мәскеулік «ЦСКА», 65:82 есебімен «Парма» командалары жеңіске жетті. Ал, ВТБ лигасындағы маусымды «Астана» командасы «Енисей» баскетбол клубына қарсы ойынмен аяқтады, ол матчтың есебі 76:65, Красноярск шаһарынан келген команда жеңіс тойын тойлады. ВТБ лигасы аясындағы соңғы ойындарда сырт алаңда америкалық ойыншылар ойнамады. Аймақтағы саяси жағдайларға байланысты бұл ойыншылар Ресей және Белорусь еліндегі ойындарда өз командасына көмектесе алмады. Дегенмен маусымдағы көңіл көншітпейтін нәтижелерді ол жағдаймен ақтап алу орынсыз. Себебі, сырт алаңдағы ойындарда «Астана» командасының намысын қорғаған жалғыз ғана легионер Марк Тихоненко болды. 1988 жылғы Олимпиада чемпионы, 1985 Еуропа чемпионы, әйгілі баскетболшы Валерий Тихоненконың ұлы Марк Тихоненко атақты әкесінің жетістіктері оған психологиялық жағынан кедергі еместігін айтты.

Еліміздің басты баскетбол клубы халықаралық маусымды аяқтады

«Маусымды жақсы бастадық, үш ойынның екеуінде жеңдік. Бірақ қалған 17 ойында тек 1 рет қана жеңіске жете алдық. Біз көптеген қателіктерге жол бердік, мен де бірқатар ойындарда жақсы өнер көрсете алмадым. Бірақ біз өз жұмысымызды әлі де жалғастырып келеміз, даму жолындамыз деп айтсам, артық бола қоймас. Өзімнің осы маусымдағы ең жақсы өткізген ойыным «Зенитке» қарсы матч деп есептемеймін. Иә, Еуролигада ойнайтын команданы 14 ұпай басымдықпен жеңдік, алаңда 32 минут өткізіп, 9 ұпай жинадым, 6 рет қарсыластарымнан допты тартып алдым. Дегенмен, өзге ойындар да біраз тер төгіп, жақсы нәтижеге ұмтылдым. Ал, «Зенит» командасына қарсы өткізген ойында мен ғана емес, бүкіл команда мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған механизм іспетті әрекет етіп, жеңіске жетті»,- дейді баскетболшы Марк Тихоненко.

Ел кубогында өз тарихында алғаш рет жеңілген «Астана», ВТБ лигасын ең соңғы, оныншы орында аяқтады. Ал, польшалық «Зелена Гура», эстониялық «Калев» командалары тағы да сол саяси жағдайларға байланысты жарыс жолынан шығып қалған еді. «Астана» үшін ВТБ лигасындағы бұл маусым аяқталды. Келесі маусымға үміт мол, жаңа бапкер Деян Парежанин шетелдік ойыншылармен қатар, қазақ баскетболшыларының да бағын ашады деп сенеміз, өйткені серб маманы өз спорттық мансабының едәуір бөлігін жас баскетболшылармен жұмыс істеуге арнаған. Дегенмен, жаңа маусым алдында клуб басшылығы басқа маманды шақыруы да мүмкін. Не болса да, әліптің артын бағалық.

    Жарыс жолына шыққан отандастарымызға сәттілік жолдас болғай!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға