Жаңалықтар

Еліміздегі жасыл энергетика саласы шетелдік инвесторларды қызықтырып отыр

Еліміздегі жасыл энергетика саласы шетелдік инвесторларды қызықтырып отыр
Фото: ©AP/Ajit SOLANKI 14.06.2023 15:01 880

Жасыл экономика – экономиканың тыңнан қосылған жаңа саласы. Бұл – табиғатқа залал келтірмейтін жаңа технология, еш қоспасы жоқ экологиялық таза өнім, табиғи қорларды тиімді пайдалану, сарқылауға айналған пайдалы қазбаларды үнемдеп пайдалану. Құлаққа жағымды ғажап дүние. Десе де, жасыл технологиялар әлі де жетілдіруді талап ететіні шындық. Шынайы өмірде мұны жүзеге асыру оңай шаруа емес. Қымбатқа түседі. Бірақ оны қолға алмаса, адамзат құрдымға кетпек.

Жасыл экономика не үшін керек?

Қазақстан 2016 жылы табиғатқа шығарылатын парниктік газдарды азайту мақсатында посткеңестік кеңістікте бірінші болып Париж келісімін бекітті. Келісімнің мақсаты – ғаламдық жылынуға қарсы жұмала күресу. Атқарылатын басты міндет – парниктік газдардың көлемін азайту, климат өзгерісіне бейімделу және зиянсыз технологияларды дамыту үшін қаржы көздерін қалыптастыру.

Ғаламдық жылынудың алдын алу үшін оның өсімін 2°C-ден төмен ұстап тұру қажет. Соңыра 1,5°C-ге дейін шектемек. Осы келісім бойынша, Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газдарды 15 пайызға дейін қысқарту міндетін мойнына алды. Бұл – оңай шаруа емес. Осы межеге дейін қысқартса, ел өндірісі 1990-жылдардағы көлемді місе тұтуы тиіс. Ал тоқсаныншы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қаншалықты ауыр болғаны дүйім жұртқа белгілі. Тұйықтан шығар бірден-бір жол – балама көздер немесе жасыл экономика. Онсыз тіршіліктің жалғасуына қауіп бар. Қазақстанның экономикалық қуаты артқан сайын, энергия көздеріне деген сұраныс та артып келеді. Демек, бұл – таразының бір басында экономика, екінші басында қоршаған орта тұр деген сөз.

Жасыл технологиялар: кемшілігі мен артықшылығы

Эколог Лаура Маликованың пікірінше, жасыл энергетика – еліміз үшін жас сала. Үлесі әзірге бес пайыздан аспай тұр.

Оның ішінде гидроэлектростансалар да бар. Баламалы энергия көздерінің басты мәселесі – бір сәттік энергия. Яғни күн шығып тұрғанда немесе жел тұрған кезде ғана пайда болады. Оны бірден тұтынушыға беру керек. Біздің қалаларда, елдімекендерде таңғы уақытта және түнгі уақытта тұтыну шегіне жетіп, арта түседі. Электр қуатына осы кезде сұраныс көбейеді, – дейді маман.

Лаура Маликованың айтуынша, баламалы энергия көздерін үлесін артыру үшін ең алдымен қуатты сақтау жүйесін дамыту қажет. Литийлік батереялар бағытында жұмыс істеген жөн. Қазіргі уақытта бұл технологиялар өте қымбат. Дегенмен, оны жасау қажет.

Жасыл технологияларды дамыту – болашақтың кепілі. Десе де, Қазақстан қуат тапшылығына кез болып отыр. АЭС салу мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғаны содан. Оған негіз де жоқ емес. 4 пайызға дейін байытылған уранның бір келісі салмағы 100 тонна болатын сапасы жоғары тас көмір немесе 60 тонна мұнайдың қуатын бермек.

Эколог Ғабит Сабыралыұлы АЭС қуатын пайдалануға кетәрі емес екенін айтады.

Мәселе – қай мемлекетке салғанына байланысты. Ресей салатын болса, бұған өз басым қарсымын. Неге десеңіз, Ресейдің техникаларының сапасын Украинадағы соғыс көрсетіп беріп отыр. Егер Еуропаның дамыған мемлекеттері салса, жақсы нәтиже беруі мүмкін, – дейді ол.  

Жасыл энергия экология үшін өте тиімді әрі қауіпсіз

Мамандар жасыл энергетика қазіргі қолданыстағы энергетиканы толық алмастырады дегенге күмәнмен қарайды.

Бұған көп қаражат керек. Мұнайдың бәрі олигархтардың қолында. Гибридті технологияларды табылып та қойылған. Бірақ олигархтар жеп отырған нанынан оңай айырылғысы келмейді. Жасыл энергия экология үшін өте тиімді әрі қауіпсіз. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Еуропада қоқыстың өзінен газ алып отыр. Бізде қоқыстың он пайызы ғана өңделсе, оларда бұл көрсеткіш 90 пайызға жеткен. Қазақстанда мұндай да мүмкіндіктер бар. Бірақ әлі де дұрыс қолданылмай жатыр, – дейді Ғабит Сабыралыұлы.

Жасыл энергетиканы қолға алу мәселесі бүгін пайда болған жоқ. 2017 жылы ЭКСПО-ны өткізудің  мақсаты – «жасыл, балама энергия көздеріне өту» деп жариялаған болатын.

Бірақ одан нәтиже болмады. Тек қана BI Group салған «Жасыл кварталды» қуат көзімен қамтамасыз етіп отырған – Балқарайдағы жел стансасы. Мен соны ғана көріп отырмын. Астана маңына бірнеше осындай станса салынса, үлкен пайдасы тиетін шығар деп ойлаймын, – дейді Ғабит Сабыралыұлы.

Маманның айтуынша, Қазақстанда балама қуат көздерінің мүмкіншілігі өте көп. Мәселен, Қордай асуында жел стансалары бар. Желдің өтіне осындай стансаларды көп салса, өз нәтижесін береді. Оңтүстік өңірлерге күн сәулесінен энергия алатын құрылғыларды көптеп қоюға болады.

Жақында ғана бір деректі көзім шалып қалды. Осы жел қондырғыларына қызығып, сатып алуға ұмтылып жатыр екен. Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне қарай жасыл энергетика технологияларын қолдануға болады, – дейді эколог.

Инвестор келсе – нәтиже бар

Жасыл энергетиканы дамыту бойынша бұған дейін де қаншама жобалар қолға алынды. Табиғатқа пайдасы бір бөлек, экономикаға қосқан үлесі қандай? Өзін-өзі ақтай алды ма? Бұл сауалдарға мамандар оң баға беріп отыр.

Құрылыс бастамас бұрын  инвестор жобаның қаржылық-экономикалық үлгісін жасайды. Құжатта барлық шығын есептелініп, нақты көрсетіледі. Бұл жобалар аукциондағы саудадан өтсе, демек, бұл – инвесторларды барлық шарттардың қанағаттандырғаны. Жобаның өміршеңдігіне қызыққаны, – дейді энергетика сарапшысы Жақып Хайрушев.  

Әңгіме «жасыл экономика» аясында іске асқан жобалар жөнінде болып тұр. Мысалы, Алматы облысында жалпы инвестициялық құны – 8,7 миллион АҚШ доллары, қуаты 8.45 МВт болатын "ВЭС Нурлы" ЖШС ашылды. Бұл жоба жылына 14 297 тоннаға дейін зиянды түтін шығаруды қысқартпақ. Сондай-ақ, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан мен Қостанай, Маңғыстау облыстарында жалпы қуаты 105,85 мегаваттық 10 жел және 1 биогаз станциялары салынды. Бұл мақсатқа 36 млрд теңге жұмсалған.

Инвесторлар қызығушылық танытса, демек, бұл ақшаның текке жұмсалмағаны. Экологияға пайдасын айтпағанда, өзін-өзі толық ақтағаны. Демек, Қазақстанда жасыл энергетиканың болашағы бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға