Жаңалықтар

Еліміздегі тағы тоғыз ЖОО-да су мамандары даярланады

Еліміздегі тағы тоғыз ЖОО-да су мамандары даярланады
Фото: t.me/ortcom_kz 29.04.2024 20:36 391

Су ресурстары және ирригация министрлігі су мамандарын даярлау үшін 9 отандық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның мәліметінше, енді оқу орындарының студенттері «Қазсушар» филиалдарында өндірістік тәжірибеден өте алады.

Сонымен қатар спикер өңірлердегі су тасқыны жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Қазсушардың» Батыс Қазақстан облысындағы филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқарып жатыр. Аймақта су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы. Есіл өзенінде су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда. Сергеев су қоймасының жотасы арқылы судың асып кету биіктігі 175 см–ге дейін төмендеді. Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтті, - деді ведомствоның ресми өкілі.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 83%. Су тасқыны жалғасуда. Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 99%-ға толы. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істейді. Су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Аймақтағы су тасқынының белсенді кезеңі өтті.

Су қоймаларының толуы туралы бұл көрсеткіштер тасқын суды өткізу процесінің бір бөлігі. Өзендерде су деңгейінің артуын және елді мекендерді су басуын болдырмау үшін су қоймаларда жиналып, қауіпсіз көлемде өзендерге немесе каналдарға ағызылады. Сондықтан, мысалы, су қоймалары 100% толы деп айтқанда, бұл су қоймасы енді су қабылдай алмайды және су басу қаупі бар дегенді білдірмейді. Су қоймаларында жиналған су кейіннен ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте пайдаланылады, - деп түсіндірді Мөлдір Әбдуалиева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға