Жаңалықтар

Еліміздегі су тапшылығын 2-3 жылда шешу керек – Олжас Құдайбергенов

Еліміздегі су тапшылығын 2-3 жылда шешу керек – Олжас Құдайбергенов
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 05.09.2023 16:30 1475

Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі, экономист Олжас Құдайбергенов мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауындағы өзекті бастамалардың бірі су тапшылығы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Жаңадан 5 министрлік құрылды. Солардың бірі – Су ресурстары және ирригация министрлігі. Осы мәселе бойынша да сарапшылар жиналып, талқылау жүргізіп жатыр. Болжамдарға сүйенсек, алдағы 5-7 жылда Орта Азия аймағында су көзі жеткіліксіз болады. Экономиканың өсуіне де су керек. Осы мәселенің аясында жаңадан құрылған су ресурстары министрлігі тапшылықты шешеді деген үміт бар. Бұл мәселе 2-3 жылдың ішінде шешілмесе, онда бұдан да үлкен мәселе туындауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде жаңа министрліктің жауапкершілігі мол, - деді сарапшы.

Сонымен қатар,  экономист «су тапшылығына тап болған елде АЭС салу қаншалықты қажет?» деген қоғамның талқысына жауап беруге тырысты.

Негізінде еліміздің солтүстігінде су тапшылығы жоқ. Тек оңтүстікте ғана байқалады. Бірақ, еліміздегі су тапшылығының бірнеше факторы бар. Мысалы, жалпы ішкі өнімде дамыған елдермен салыстырғанда суды 3 есе көп жұмсаймыз. Бізде су шығыны көп. Су тапшылығы мәселесімен бір ғана министрлік емес, ауыл шаруашылығы министрлігі де айналысуы керек деп есептеймін. Егер осы саладағы жұмысты дұрыс жүйелесе еліміздегі су қоры жеткілікті болады, - деді экономист.

Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, әлемнің көптеген дамыған елдерінде атом электр станциясы бар. Олардың барлығында бірдей көлемі үлкен емес, шағын станция салған елдер де бар.

Елімізде 22 мың МВт электр энергиясын өндіретін өнеркәсіп бар. Соның өзінде энергия тапшылығы сезіледі. Тіпті, алдағы 10 жылда елімізде энергия көзі 10 пайызға төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ, қателеспесем, электр қуатына арналған 4мың МВт энергия көзін беретін жел трубинасы жобасы бар. Бұл динамика алдағы 5-7 жылда электр энергиясының жетіспеушілігін азырақ болса да шешуге мүмкіндік береді. Дегенмен АЭС құрылысын әлі қарастыруымыз керек, - деді сарапшы.  

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі су тапшылығы туралы айтқан болатын. 

Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын, - деді президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға