Жаңалықтар

Еліміздегі банктер 10 айдың ішінде 1,8 трлн теңге пайда тапты

Еліміздегі банктер 10 айдың ішінде 1,8 трлн теңге пайда тапты
Фото: © ОКҚ 01.12.2023 16:00 534

Банк секторының биылғы тәуекелдерді өтеу үшін жеткілікті капитал қоры бар. Меншікті капиталы 6,4 триллион теңгені құрады. Ол бөлінбеген пайданы ұлғайту есебінен жыл басынан бері 22,7 пайызға ұлғайды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, 2023 жылғы 10 айда банктер 1,8 триллион теңге мөлшерінде пайда тапты. Бұл 2022 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 53,7 пайызға артық. Ол көп жағдайда банктердің пайыздық кірістерінің ұлғаюына байланысты болды.

Банк активтері рентабельділігінің көрсеткіші 4,6 пайызды, капитал рентабельділігі 36,2 пайызды, банктердің өтімділігі жоғары активтері 1 қарашадағы жағдай бойынша 14,6 триллион теңгені немесе активтердің 30 пайызын құрады. Бұл банктердің клиенттер алдындағы міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді, - деді төрағаның орынбасары.

Сондай-ақ портфель сапасының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Жұмыс істемейтін кредиттер коэффициенті тарихи тұрғыдан ең төмен мәнге жетіп, 2022 жылдың басынан бері 3,3 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Бұл көлемнің 73,1 пайызы провизиялармен, қарыздардың қалған бөлігі тұрақты кепіл түрлерімен өтелді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға