Еліміздегі 286 музейде 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған – Аида Балаева

 Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық музейлер күніне орай қазақстандықтарды құттықтап, музей саласының маңызы мен елдегі мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстар туралы мәлімдеді.

Министр өз құттықтауында музейдің тарихи жадыны сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын ерекше орын екенін атап өтті.

Музей – өткенді бүгінмен жалғайтын, тарих тағылымы өскелең ұрпақтың танымына жол ашатын киелі кеңістік. Музейде өткен тарихты жақыннан танып, халқымыздың мәдениеті мен рухани мұрасын тереңірек сезінуге болады, – деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы музей саласы қарқынды дамып келеді. Қазір елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Ал музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді.

Министр бұл көрсеткіштер қоғамның өз тарихына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсететінін айтты.

Бұл сандардың артында көрмелерге деген қызығушылық қана емес, қоғамның өз тарихын танып-білуге, мәдени сабақтастықты сақтауға деген терең сұранысы тұр, – деді министр.

Аида Балаева мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғыртуға және мәдени мұраны сақтауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі музейлер тек жәдігер сақтайтын орын емес, сонымен қатар ағартушылық және ғылыми-зерттеу орталығына айналып келеді.

Министр мәліметінше, тек өткен жылдың өзінде республикалық музейлер 1,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырған. Оның ішінде 187 көрмені 800 мыңға жуық адам тамашалаған.

Сонымен қатар Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі базасында «Алтын Орда» залы ашылып, «Қазақстанның Тәуелсіздігі» залы жаңартылған.

Министр музей саласын цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатқанын айтты. Қазіргі таңда E-museum бірыңғай цифрлық жүйесіне еліміздің барлық 20 өңірінен 284 музей қосылған.

Цифрлық каталогқа музей қорының 66 мыңнан астам бірлігі енгізіліп, 750 үшөлшемді модель жасалды, 15 виртуалды тур қолжетімді болды, – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ министр бүгін еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музейлер түні» акциясы өтетінін хабарлады. Оның аясында музейлер кешкі экскурсиялар, интерактивті бағдарламалар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.

Сөз соңында Аида Балаева музей қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың ұлттық мұраны сақтаудағы еңбегін ерекше атап өтті.

Барша музей қызметкерлеріне кәсібіне адалдығы, ұлттық мұраға деген жанашырлығы және қоғамның рухани өркендеуіне қосып келе жатқан зор үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді министр.

Оқи отырыңыз