Жаңалықтар

Елімізде параспортшыларға қандай жағдай жасалған?

Елімізде параолимпиада ойындарына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді
Елімізде параспортшыларға қандай жағдай жасалған?
Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан 01.07.2022 12:48 2028

Елімізде параолимпиада ойындарына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Көк туымызды желбіретіп жүрген параспортшыларымызға жеткілікті жағдай жасалып жүр ме? 2018 жылы Индонезияда өткен Азия параолимпиадасына қатысып, үстел теннисінен үздік 10 спортшының қатарына кірген қазақстандық параспортшылар Александра Степанова мен Балзия Таш еліміздегі параспортшылардың жағдайы мен тыныс-тіршілігін айтып берді.

Қазақстан Республикасының спорт шебері Александра Степанова елімізде Халықаралық олимпиадаға дайындық барысында параспортшыларды тасымалдайтын транспорт мәселесі қарастырылмағанын айтты.   

– Параолимпиада болғандықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға спортпен айналысу оңай емес. Халықаралық олимпиадаларға дайындық уақыт пен күшті талап етеді. Дайындыққа спортшылар таксимен немесе қоғамдық көліктермен келеді. Ал, дайындық мерзімі 5-6 айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Жолда қатынау мүмкіндігі шектеулі жандардың қалтасына салмақ түсіреді. Қоларбаға таңылған жандар әсіресе қыс мезгілінде қиналады. Сонымен қатар, елімізде параспортшылардың бәріне бірдей қоларба берілмейді. Берілген күннің өзінде олар спортшылардың жағдайына ыңғайлы, спортпен айналысуға жеңіл және қолайлы болуы керек. Салмағы 40 килограммнан аспауы керек. Бірақ, біздегі параспортшылардың қоларбасы ондай талаптарға сай келе бермейді, - деді Александра Степанова.

Елімізде параспортшыларға қандай жағдай жасалған?

Балзия Таш еліміздегі жағдайды шетелдегі параспортшылардың жай-күйімен салыстырды.

– Еуропа мен Қытайдың параспортшыларын бізбен салыстыруға келмейді. Бұл елдердегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жарысқа дайындығының өзі бір төбе деп айтуға болады. Азия олимпиадасында әр параспортшының қасында бірнеше көмекшілері жүреді. Мысалы, қоларбаға таңылған спортшылардың жеке психологы, массажисі және бапкері қолдау көрсетеді. Біздің параспортшыларымызға ондай қолдау көрсетілмейді. Параспортта біздің жетістіктеріміз аз емес, бізге тек қолдау жетіспейді, - деді Балзия Таш.

Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов елімізде параспорт бағыты жеткілікті дамымағандықтан, параспортшылар кәсіби спортшылардың көлеңкесінде қалып қоятынын айтты.  

– Параспортқа келушілердің саны артып келе жатқаны қуантады. Жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жастарымыз да аз емес. Ерекше қажеттілігі бар спортшыларымыз кәсіби спортшылардан асып түспесе, кем емес. Десе де параспортшылар кәсіби спортшылардың көлеңкесінде қалып қоятыны қынжылтады. Еліміздегі көптеген қорлар, ұйымдар параспортқа қаржылай қолдау көрсетіп жатқан болар. Бірақ, параспортшыларымызға жеткілікті қолдау мен көмек көрсетілмейді деген пікірдемін. Параспорттың өзіндік рөлі бар. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысы мен қызуғышылығын арттырады. Спорт адамға психологиялық тұрғыдан да көп жетістікке жетуіне мотивация береді. Сондықтан мейлінше мүмкіндігі шектеулі жандарды денсаулығы жарап тұрса спортқа баулығанымыз жөн, - деді Нұрболат Айекешов.

Елімізде параспортшыларға қандай жағдай жасалған?

Бұл мәселе туралы спорт комитетінің де айтары бар. Олардың сөзінше, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектер арасында спортты дамытуды, арнайы спорттық құрал-жабдық беруді қамтамасыз етеді және мүгедектердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына спорт құрылыстарының қолжетімді болуы үшін жағдай жасайды.

– Мүгедектігінің санатына қарай, санамаланған көрсетілетін қызметтер бюджет қаражаты есебінен және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №105 бұйрығымен бекітілген. Онда спортшыларды, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру сондай-ақ спорт саласындағы мамандарды, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлау барысында оларға спорттық киім-кешек берілетіні жазылған. Бұған қоса мүгедек спортшыларды арбалармен қамтамасыз ету керектігі айтылады. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары спортшыларды арбалармен қажеттілікке байланысты қамтамасыз етеді, - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқармасының басшысы Мұхамеджан Бекназаров.

Айтуынша, дене шынықтыру және спорт туралы құқықтық актілеріне сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандардың қатарына дәрігерлер, массажшылар, дене шынықтыру және басқа да спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке адамдар кіреді. Аталған мамандар, жарыстарға қатысатын спортшылардың санына және қажеттілікке байланысты бөлінеді.

Кейбір заңнамалық актіде мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Белгілі болғандай спорт жөніндегі заңнамаға мүгедек спортшының сүйемелдеушісі ұғымының енгізілуі қарастырылмақ.

Суреттер Александра Степанова мен Балзия Таштың мұрағатынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға