2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу тәртібі өзгереді. Тиісті түзетулер Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысы негізінде Әлеуметтік кодекске енгізілді, деп жазады El.kz интернет порталы.
Негізгі өзгеріс – жәрдемақы төлеу мерзімі қысқарады. Қазіргі алты айдың орнына төлем үш айдан аспайтын мерзімде беріледі.
Жәрдемақының ең жоғары мөлшері жеті ең төменгі жалақының 45 пайызымен шектеледі. Егер ең төменгі жалақы қазіргі 85 мың теңге деңгейінде қалса, максималды төлем 267 750 теңге болады. Қазір жұмыссыздық бойынша ең жоғары жәрдемақы мөлшері 348 мың теңгеге дейін жетеді.
Төлем алу құқығы жұмыс берушісі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жасаған азаматтарға сақталады.
Жәрдемақы мөлшері соңғы екі жылдағы орташа табыс пен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі. Азамат неғұрлым ұзақ уақыт әлеуметтік аударым жасаған болса, төлем мөлшері де соғұрлым жоғары болуы мүмкін.
Мысалы, айлығы 250 мың теңге және жүйеге қатысу өтілі 12 жыл азаматқа барлық ұсталымнан кейін ай сайын шамамен 115 мың теңге жәрдемақы есептелуі мүмкін. Алайда жаңа тәртіп бойынша бұл төлем үш ай ғана беріледі.