Елімізде ЖИ көмегімен мыңға жуық қылмыскер қолға түсті

 GOV.kz
Фото: GOV.kz

Қызылордада жасанды интеллект қолданылатын жобалар қылмыспен күресте нақты нәтиже беріп отыр. Облыстық прокуратура хабарлауынша, «IT TERGEU» және «Смарт білезік» бағдарламаларының арқасында қайта қылмыс жасау деңгейі 60%-ға, жалпы қылмыстылық 6%-ға төмендеген, ал қылмысты ашу көрсеткіші 3%-ға артқан, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«IT TERGEU» жобасы тергеу процесінде жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдаланып, қылмыстарды жылдам анықтауға бағытталған. 2024-2025 жылдар аралығында осы жүйе арқылы 832 қылмыскер қолға түскен, іздеуде жүрген 33 адам табылған, 595 жоғалған адамның орны анықталған. Сонымен қатар 170 жасөспірім ата-анасына қайтарылған.

«Смарт білезік» жобасы пробациядағы азаматтарды электронды бақылау арқылы қайта қылмысқа баруын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба іске қосылғаннан бері есепте тұрғандардың қайта құқық бұзу көрсеткіші 39%-ға төмендеген.

Осылайша, Қызылордадағы цифрлық жүйелер қылмысты алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға нақты үлес қосып отыр.

Бұған дейін ЖИ-дің отандық медицина мамандарына да көмегін тигізіп жатқанын хабарлаған едік.

Оқи отырыңыз