Жаңалықтар

Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Түлектер нені ескеруі керек?

Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Түлектер нені ескеруі керек?
Фото: © iStock 16.05.2023 18:00 960

Бүгін Қазақстанда негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық тестілеу орталығы ақпаратына сәйкес, тестілеуге жеке куәлік, қалам, су және шоколадтан басқа ешнәрсе алып келуге болмайды.
Тестілеу компьютерінде математика, математикалық сауаттылық, физика, информатика, география, биология пәндері бойынша электронды калькулятор ұсынылады.

Сондай-ақ компьютер экрандарында Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері, Бекетов қатары қолжетімді болады.

Ал түлектердің қалауы бойынша Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелерінің қағаз нұсқаларын тестілеу орталығы шығарып, қолдануға береді.
Тестілеу орталығы мәліметінше, басты жаңалық Қазақстан тарихы пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады:
1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған;

11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін).
Осылайша, контекстік тест тапсырмаларының саны көбейіп, талапкерлердің білімін одан да терең бағалауға мүмкіндік артады.
Сондай-ақ бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады.

2022-2023 оқу жылынан бастап, ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинациясы тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Соған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-да “Математика-Информатикадан» тест тапсырады.

ҰБТ тапсырмаларында дистракторлар (жауап нұсқалары) санын азайту туралы шешім қабылданды. Яғни нұсқалар саны бір дұрыс жауабы бар сұрақтарда 5-тен 4-ке дейін; бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтарда (үш дұрыс жауаптан көп емес) 8-ден 6-ға дейін азайтылды.

Негізгі тестілеу 5 маусымға дейін жалғасады. Оны биылғы түлектер тегін тапсырса, қалғандары 4230 теңге төлеуі керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға