Жеке куәлік пен төлқұжат – азаматтың құқықтық мәртебесін айқындайтын және ел аумағынан тыс жерлерге шығуға мүмкіндік беретін басты құжаттар. Оларды рәсімдеудің нақты тәртібі мен құны туралы ақпарат жиі жаңарып отыратындықтан, көпшіліктің бұл мәселеде сұрақтары туындайтыны заңды. Сондықтанда осы орайда құжаттарды алу процесі, қажетті төлем мөлшері, жедел қызмет түрлері және жеңілдікке ие азаматтар санаты жайлы толығырақ айтпақпыз.
Жеке куәлік пен төлқұжатты қалай алады?
Жеке куәлік пен төлқұжатты рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет, себебі бұл қызметтер онлайн түрде қолжетімді емес. Бұл қызметтер эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі, яғни тіркелген жеріңізге қарамастан кез келген ХҚКО-ға жүгіну мүмкіндігі бар.
Төлқұжатты мерзімі аяқталғанға дейін 1-2 ай бұрын ауыстыруға болады. Мерзімі өткен төлқұжатты ауыстыру үшін кешіктірулерге айыппұл салынбайды. Ал жеке куәлікті мерзімі аяқталғаннан кейін бір ай ішінде ауыстырмасаңыз, айыппұл салынады.
Төлқұжаттың бағасы қандай?
2025 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеге өсіп, бұл мемлекеттік құжаттарды дайындау құнына әсер етті. Төлқұжаттың бағасы төмендегідей:
- 24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
- 36 парақ – 8 АЕК, яғни 31 456 теңге;
- 48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектер үшін).
Төлқұжаттың дайындалу уақыты 15 жұмыс күнін құрайды. Дегенмен, азаматтар қосымша ақы төлеп, оны жедел түрде ала алады.
Жеке куәліктің бағасы қанша?
Қазақстанда жеке куәлік жасату құны әртүрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Әр азамат стандартты жағдайда жеке куәлік үшін 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге төлеуі тиіс. Дегенмен, егер азамат жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса, төлем көлемі 1 АЕК немесе 3 932 теңгені құрайды.
Жеделдетіп әзірлеу мүмкіндігі:
- Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары үшін:
- 1 жұмыс күнінде әзірлеп беру – 3 372 теңге;
- 3 жұмыс күнінде әзірлеп беру – 1 771 теңге.
- Облыс орталықтары үшін:
- 3 жұмыс күнінде әзірлеу – 3 372 теңге;
- 5 жұмыс күнінде әзірлеу – 1 771 теңге.
- Аудандар мен облыс қалалары үшін:
- 7 жұмыс күнінде әзірлеу – 605,31 теңге.
Жеке куәліктің әзірлеу мерзіміне байланысты төленетін сомалар әртүрлі болады, ал жедел қызмет көрсетуді таңдаған жағдайда құны артады.
Төлқұжат кімдерге тегін беріледі?
Қазақстандықтарға шетелге шығу үшін мемлекеттік төлқұжатты тегін алуға мүмкіндігі бар. ҚР Ішкі істер министрлігі көші-қон қызметі комитетінің дерегіне сәйкес, өткен жылы елімізде рекордтық 1 488 308 азамат төлқұжат алған.
Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, келесі тұлғаларға төлқұжат тегін беріледі:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар;
- Кеңес Одағының батырлары;
- Социалистік еңбек ерлері;
- Мүгедектігі бар барлық топтағы азаматтар;
- Бала кезінен мүгедек болған азаматтардың ата-аналарының бірі;
- Қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар;
- Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- «Батыр Ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілері мен Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.
