Елімізде тағы бір жол ақылы болды: Ақтөбе-Қандыағаш бағытының тарифтері жарияланды

Елімізде тағы бір жол ақылы болды: Ақтөбе-Қандыағаш бағытының тарифтері жарияланды
Фото: Ашық дереккөзден

15 қарашадан бастап Ақтөбе – Қандыағаш автожолының 89 шақырымдық учаскесінде көлік қозғалысы ақылы болды. Аталған жол бөлігі Қандыағаш – Мақат ақылы автожолының құрамына енгізілді. Осылайша, ақылы жолдың жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жаңа ақылы учаскеде көліктің барлық санаты үшін жол жүру ақысы белгіленген.

Компанияның баспасөз қызметі түсіндіргендей, жолдың 11+000 және 87+200 шақырым аралығындағы бөлігінде барлық көлік түрі үшін төлем қарастырылған. Ал трассаның қалған бөлігінде жеңіл автокөліктер тегін жүре алады. Бұл учаскелерде ақы тек автобустар мен жүк көліктерінен алынады.

Жол жүру құны көлік құралының санатына және төлем тәсіліне байланысты өзгереді. Мәселен, жеңіл автокөлік үшін ақылы учаскеден бір бағытта өту құны алдын ала төлем жасаған жағдайда шамамен 240 теңгені, ал сапардан кейін төлегенде 276 теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта жол бойында көлік қозғалысын бақылайтын 10 арнайы арка орнатылған. Олар автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде тіркеп, жүріп өткен жолына сәйкес төлемді есептейді.

Айта кетейік, жаңа учаскенің ақылы жүйеге қосылуы Қандыағаш – Мақат автожолындағы төлем алынатын бағыттардың ауқымын кеңейтті.

Оқи отырыңыз