Жаңалықтар

Елімізде сүт өнімдерін өндіру саласы қалай дамып жатыр?

Елімізде сүт өнімдерін өндіру саласы қалай дамып жатыр?
Фото: © Pixabay.com 30.11.2023 18:13 4116

Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықтағы сүт өндірісін отандық кәсіпорын өнімдеріне толтырамыз дегелі біраз уақыт өтті. Дүкен сөрелерінде әлі де Ресей, Беларусь елдерінен келетін өнімдер басымдық көрсетіп тұр. Бағасы қолжетімді импорттық өнімдер отандық сүт өндірісінің дамуына көлеңкесін түсіретіні жасырын емес. Елімізде сүт фермасы да, сүт те бар. Бірақ отандық нарықта әлі де жаулап ала алмай жатыр. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қазақстандағы сүт өндірісінің кенжелеп қалуының себебіне үңілуге тырысты.

Ресейлік рубльдың төмендеуі көрші ел сүт өнімдерінің Қазақстанға көптеп келіп, отандық өнімдердің нарықтан шеттеп қалуына әсер етіп отыр. Өйткені Ресей Үкіметі ресейлік кәсіпкерлердің логистикалық шығындарын субсидия есебінен жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен Ресей Үкіметі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап өз кәсіпкерлерінің логистикалық шығындарын толығымен мойнына алмақ. Бұл 2024 жылы солтүстіктегі көршілеріміздің өнімдері көбейе түсетінін көрсетеді. Онсыз да еліміздегі сүт өндірісі мемлекеттік қолдау мен субсидия есебінен ғана күн көріп отыр деген пікірді сала сарапшыларының аузынан жиі естимыз. Олардың сөзінше, сүт шаруашылығы бірден табыс алып келетін кәсіп көзі емес. Табыс табу үшін уақыт керек әрі өндіріс көлемі де ауқымды болуы керек. Енді отандық сүт өндірісінің күйі не болмақ?

Мәселенің түйіні – қаржы тапшылығы

Жауапты министрлік пен сарапшылардың пайымдауынша, отандық агро сектордағы сүт, ет, азық өндірісінде сыртқа жалтақтамауы үшін үлкен қаржы керек екен. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлінетін қаржы 500 млрд теңге шамасында. Ал отандық нарықты өзіміздің ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамту үшін 5 трлн теңге қажет деді сарапшылар.

Астанада сүт бағасы – 340 теңге

Қазір Астана дүкендеріндегі пастерленген сүттің бағасы 339-415 теңге аралығында. Мәселен «Петропавл» маркалы 3,2 %, сыйымдылығы 0,9 литр сүттті супермаркеттен 339 теңгеге алуға болады. «Родина» маркалы 3,2 %, сыйымдылығы 0,9 литрі 399 теңге. Ал дәл осындай көрсеткіштерге ие «Зенченко» маркасының сүті 415 теңге тұрады. Мұндай бағаны ел Үкіметі субсидия арқылы ұстап тұр.

Жаңа зауыттар ашылады

Министрліктің берген ақпаратына сәйкес, олардың шаруашылықты дамыту жоспар бойынша жүріп жатыр.

Елімізде сүт өндіретін 250-ден астам цех, фабрикалар мен кәсіпорындар бар. Жыл басынан бері 5 707 035 тонна сиыр сүті өндірілген.

Жыл соңына дейін 6 319 959 тонна сүт өндіру жоспарланып отыр. Өңірлер арасында сауылған сүт көлемі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Жыл басынан бері 767 542 тонна сүт сауылған. Екінші орындағы Солтүстік Қазақстан облысында сүт көлемі – 647 758 тонна. Одан кейін Абай облысы, биыл 574 762 тонна сүт өндірді, - деп мәлімдеді министрлік.

Алайда шикі сүттің негізгі бөлігін жеке шаруашылықтарға тиесілі. Мәселен, 2022 жылы сауылған сүттің 72%-і осы жеке шаруашылықтар тапсырған. Фермерлік шаруашылықтар мен кәсіпорындар өткен жылы тек 619 мың тонна ғана сүт өндірген. Осы салада еңбек етіп жүрген фермерлер мен сарапшылар жеке шаруашылықтардың өндірген сүт өнімін жалпы статистикаға қосудың қажеті жоқ деп есептейді.

Жыл сайын сүт өндіру саласын қуаттандыру мақсатында фермалар іске қосылып жатыр. Мәселен, былтыр 36 сүт-тауар фермасы іске қосылды. Биыл бір ғана Қостанай облысының өзінде 7 сүт зауыты іске қосылды, үшеуі жақында іске қосылады.

Болашақта кемінде 10 жаңа ірі өнеркәсіптік сүт фермасы салыну жоспарланып отыр. Алғашқы 7 сүт-тауар фермасының құрылысы басталып та кетті. Жаңа өнеркәсіптік сүт фермаларын ашу ұйымдасқан шаруашылықтағы өндірісті 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді және сүт өңдеу кәсіпорындарының қосымша жүктемесін 70%-дан 86%-ға дейін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ нарықты қосымша өнім көлемімен толтыру арқылы инфляцияны төмендетудің қосымша тетігі болады, - деп мәлімдеді Қостанай облысының әкімдігі.

Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдеріне ерекше назар аударылуы тиіс екенін айтты. Сүт өнімдерімен елді қамтуда кедергі болмауы керек екеніне баса назар аударды. Өз кезегінде министрлік 5 млрд теңгеге дейінгі несиені 10 жылға 2,5 пайызбен беру туралы шешім қабылдады. Осы жоба аясында сүт-тауар фермалары мен ет бағытындағы құс фабрикалары, көкөніс қоймалары мен суармалы егіншілікке бағытталады. Агросекторды дамытып, Орталық Азиядағы басты агросекторға айналуымыз керек деп Мемлекет басшысы миссия қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңделген өнімдеріміз нарықтың 70%-ын қамту керек екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға