Жаңалықтар

Елімізде қызылша жұқтыру жағдайы төмендеді

Елімізде қызылша жұқтыру жағдайы төмендеді
Фото: © iStock 28.01.2024 00:33 472

Елімізде қаңтарда қызылшамен сырқаттанушылық былтырғы желтоқсан айымен салыстырғанда 8%-ға төмендеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ қаңтар айында өткен жылғы желтоқсанның ұқсас кезеңімен салыстырғанда ауруханаға жатқызылған балалар санының 25%-ға (2,3 мыңнан 1,8 мыңға дейін) азаюы байқалады.

Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға халықты иммундау бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында қол жеткізілді.

2023 жылғы қарашадан бастап республикада қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚҚП) қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Бұл ретте қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 6 айдан 11 айға дейінгі, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар, бұрын егілмеген медицина қызметкерлері, сондай-ақ қызылшаға қарсы жоспарлы профилактикалық егулерді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі балалар иммундауға жатады.

Бүгінгі күні қосымша жаппай иммундау шеңберінде шамамен 1,2 млн адам немесе вакцинациялауға жататын адамдардың 77%-дан астамы егілді.

Сонымен қатар 1 және 6 жастағы балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау жалғасуда, ДДҰ ұсынған көрсеткіш кемінде 95% болған кезде 99,6%-дан асатын оңтайлы деңгейге қол жеткізілді.

Сондай-ақ бұрын вакцинациялауды өткізіп алған 18 жасқа дейін 178 мыңнан астам адам толықтыра вакцинациялаудан өтті және ошақтарда шұғыл вакцинациямен бұрын қызылшаға қарсы егілмеген 30 жасқа дейінгі 32,2 мыңнан астам адам егілді.   

Жалпы, халықты жоспарлы вакцинациямен, қосымша жаппай иммундаумен қамту, репродуктивті R санының, сондай-ақ тіркелген жағдайлар санының көрсеткіштері бойынша еліміздегі қызылшаға қатысты жағдайдың тұрақтанғанын атап өтуге болады.   

Сонымен бірге ата-аналардың назарын балаларында қызылшаға қарсы вакциналардың болуына аударамыз. Вакцинация болмаған жағдайда, тіркелген жері бойынша медициналық ұйымда екпе алу жөнінде шаралар қабылдауды ұсынамыз.

Егер аурудың белгілері пайда болса, асқынуларды болдырмау және басқаларға жұқтырмау үшін уақтылы медициналық көмекке жүгіну қажет.

Екпе алу және аурудың алдын алу немесе аурудың ағымын жеңілдету қызылшаның ауыр түрімен ауыру қаупінен гөрі жеңілірек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға