Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тұтынушылық несиелеу талаптарын әзірге күшейтпеу туралы ортақ шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізілген шектеулер кепілсіз тұтынушылық несиелердің шамадан тыс өсуін тежеуге мүмкіндік берген. Сондықтан қазір қосымша талаптар енгізу қажеттілігі жоқ.
«Қабылданған шаралардың нәтижесін талдау негізінде қарыз жүктемесі коэффициентіне (ҚЖК) және қарыздың табысқа қатынасы коэффициентіне (ҚТК) қойылатын талаптарды қатаңдатпау, сондай-ақ ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) төмендетпеу туралы бірлескен шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта экономикадағы жиынтық сұранысқа жеке сектор инвестициялары оң әсер етіп отыр», - деді Тимур Сүлейменов.
Үкіметтің экономикалық блогы өткізген кеңеске Ұлттық банк, ҚНРДА, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Қандай талаптар қолданысқа енді?
Қазіргі таңда қарыз алушыларға қатысты бірнеше талап қолданыста. Атап айтқанда, несие беру кезінде қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті ескеріледі, онлайн несие рәсімдеу барысында банктер клиенттердің төлем қабілетін мұқият тексеруге міндетті. Сондай-ақ мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа несие берілмейді. Ал 1000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 4,3 млн теңге) асатын несие рәсімдеу үшін жұбайының немесе зайыбының келісімі қажет.
Реттеуші органдардың пікірінше, дәл осы шаралар тұтынушылық несиелеу көлемінің өсу қарқынын бәсеңдеткен.
Ипотека бойынша не өзгереді?
Ипотекалық несиелерге қатысты да әзірге өзгеріс болмайды. Қазіргі уақытта ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемі – 25 пайыз. Бұған дейін ҚНРДА бұл көрсеткішті 20 пайызға дейін төмендетуді ұсынғанымен, банктер мен қоғам өкілдерінің пікірін ескере отырып, бұл бастамадан бас тартты.
Сонымен қатар агенттік 2027 жылдан бастап сараланған тәсіл енгізілетінін хабарлады. Жаңа тәртіп бойынша ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі LTV көрсеткішіне, яғни несие сомасының кепіл мүлкінің құнына арақатынасына байланысты белгіленеді. Егер LTV көрсеткіші 0,7-ден аспаса (бастапқы жарна кемінде 30 пайыз болса), шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 пайызды құрайды. Ал қалған жағдайларда ол 25 пайыз деңгейінде сақталады.