Елімізде «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы жалғасуда

Елімізде  «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы жалғасуда
Фото: Ашық дереккөзден

Акцияның мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақат алуын азайтуға бағытталған, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Іс-шараға 7 мыңнан астам полиция қызметкері, мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысып жатыр. 

Акция барысында 16 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Әсіресе мына жағдайларға ерекше назар аударылуда:

– балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде және ойын-сауық орындарында жүруі;

– балаларды көлікпен тасымалдау ережелерінің бұзылуы;

– ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауы;

– кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сату.

Алдын алу жұмыстары кезінде қараусыз және панасыз жүрген 1969 жасөспірім анықталды.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының маңындағы жолдар мен жол инфрақұрылымы тексерілді. Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою үшін 2290 нұсқама берілді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жол қозғалысына қатысушылардың барлығына үндеу жасағымыз келеді.

Жүргізушілерге:

Мектептер мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңында өте мұқият болыңыздар. Жылдамдықты төмендетіп, балаларды көлікпен тасымалдау ережелерін қатаң сақтаңыздар.

Ата-аналарға:

Балаңызбен бірге үйден мектепке дейінгі қауіпсіз жолды тағы бір рет жүріп өтіңіздер. Жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, ең алдымен өздеріңіз дұрыс үлгі көрсетіңіздер.

Балаларға:

Жолда абай болыңдар. Телефонға алаңдамаңдар. Жолдан тек қауіпсіз екеніне толық көз жеткізгеннен кейін ғана өтіңдер.

Балалардың қауіпсіздігі – барлығымызға ортақ жауапкершілік. Ересектердің басты міндеті – әрбір баланың үйіне аман-есен оралуы үшін барлық қажетті шараны жасау.

Оқи отырыңыз