Жаңалықтар

Елімізде «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң қабылданады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті
Елімізде «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң қабылданады
Фото: ҚР ҒжЖБМ 07.01.2023 21:20 1437

Экономикаға ғылыми жаңалықтарды енгізу үшін «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң қабылданады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ЖОО мен ҒЗИ басшылары, ҚР Үкіметі мен ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері ғылым мен жоғары білім саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Алқа отырысында сөз сөйлеген ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки ведомствоның өткен жылғы ғылым саласындағы жұмысының қорытындылары туралы баяндап, 2023 жылға арналған жоспарлары туралы айтты.

Бірінші кезектегі міндет – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң әзірлеу. Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жүйесін жетілдіру мақсатында ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылатын болады. Ғылыми-техникалық ақпаратты талдау жөніндегі функциялары беріле отырып, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының қызметі қайта жаңғыртылатын болады. Сондай-ақ, біз алдағы 3-5 жылда ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1% - на дейін ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастырамыз, - деп атап өтті Дархан Ахмед-Заки.

Ғылым комитеті төрағасының айтуынша, министрлік жыл сайын 2000 АЕК көлемінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын бере отырып, отандық ғылымның дамуына үлес қосатын ғалымдарды ынталандыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Сонымен бірге ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында 500 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін болады.

Сонымен қатар іс-шара аясында Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректоры Мейрам Бегентаев сөз сөйледі. Ол алқаға цифрлық университет моделін ұсынды.

Цифрлық жоо моделі бізге жоғары оқу орнының бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік тудырады, бұл біздің цифрлық ресурстарымызды деректердің бірыңғай экожүйесіне біріктіруге мүмкіндік береді. Біз онлайн курстарымызға қолжетімділікті ашамыз және басқа пайдаланушыларға өздерінің оқу контентін орналастыруға мүмкіндік береміз, – деп атап өтті Мейрам Бегентаев.

Министрліктің кеңейтілген алқа отырысына қатысушылар талқылаған маңызды тақырыптардың бірі - жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беру. Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі Таңсәуле Серіков әріптестері мен жұртшылықтың назарын еліміздің жоғары оқу орындарында мүгедектігі бар адамдардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі сапалы білім алу мәселесіне аударды.

Мүгедектігі бар адамдарды қолдау және сүйемелдеу орталықтарын ашуды немесе бірқатар отандық университеттерде ЖОО-ның психологиялық қызметіне инклюзивті білім беру үйлестірушісінің штатын енгізуді ұсынғым келеді. Бұл оқу орны қабырғаларында инфрақұрылымның қолжетімділігін бақылауды жүзеге асыруға және білім беру процесіне қатысты мәселелер бойынша мүгедектігі бар адамдарға кеңестер беруге мүмкіндік береді, - деді министрдің кеңесші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға