Жаңалықтар

Елімізде гендерлік алшақтық саяси салада көбірек байқалады

Елімізде гендерлік алшақтық саяси салада көбірек байқалады
Фото: placng.org 07.03.2023 12:52 1398

Бұл туралы Орталық коммуникациялар  алаңында өткен жиында Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Серікқазиқызы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Спикер Қазақстан қоғамындағы өзекті тақырыптардың бірі қазіргі гендерлік саясат мәселелеріне байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Қазақстандық қоғамдық даму институтымен жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындыларымен таныстырып өтті.

«Еліміздегі гендерлік саясаттың ерекшелігі туралы зерттеуді жүргізудегі мақсат гендерлік саясат саласындағы проблемалық аспектілерді талдау болып табылады. Қазақстан гендерлік саясатының ерекшеліктерін ескере отырып, қазіргі біздің қоғамдық саяси қызмет саласындағы әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тиімді жолдарын анықтау болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін біз бірнеше зерттеу міндеттерін алға қойған едік. Ең бірініші гендерлік саясат саласында шетелдік үздік тәжірибелерді анықтау. Екінші еліміздегі гендерлік саясаттың іске асыру тетіктерін зерттей отырып, мәселені шешу. Үшінші гендерлік саясатты жүзеге асыруда әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар. Сонымен қатар әйелдер ақпаратты қайдан алуы керек мәселесіне жан жақты зерттеу жүргіздік. Төртінші сандық және сапалы әдістерді қолдана отырып, әлеуметтану зерттеулерін жүргізіп, практикалық ұсыныстар жасадық» деді спикер.

Әсем Серікқазиқызы жаппай сауалнамаға Қазақстан Республикасы бойынша барлығы 1200 респондент қатысқандығын мәлімдеді. Сауалнамаға спикердің сөзінше  үш республикалық маңызы бар қала мен 14 облыс қатысыпты. Зерттеу жаңа облыстар құрылмай тұрып жүргізілген екен.

«Қазақстан  10 жыл ішінде өткен жылы  алғаш рет гендерлік алшақтық индексі бойынша 15 позицияға көтерілді. Бірақ әлі де айтарлықтай гендерлік алшақтық бар. Әсіресе елімізде гендерлік алшақтық саяси және экономикалық салада көбірек байқалады. Себебі біздің қоғамда әйелдердің саясатқа қатысуы ер азаматтарға қарағанда шектеулі болып табылады. Ұзақ мерзімді келешекте бұл ұлттық адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселелерге баса назар аудару қажет. Қазақстанның гендерлік саясатын зерделеу гендерлік теңдікті нығайту бойынша практикалық ұсыныстардың әзірленуі өте маңызды болып табылады. Гендерлік алшақтық индексінде Қазақстан білім көрсеткіші бойынша алғаш рет жоғарғы  көрсеткішке жетіп, 38 позицияға алдыға жылжыды. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы әйелдердің саяси, экономикалық мүмкіндігін арттыру мақсатында жетілдірілді» деді спикер.

Сонымен қатар ол әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын қолдауға, мемлекеттік  органдар мен квази мемлекеттік сектор басшылықтарында әйелдер санын 30 %-ға дейін арттыруға, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың алдын алуға, гендер тақырыбында ағартуды күшейтуге басты назар аударылып келе жатқандығын атап өтті.

«Парламенттегі әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін  30% -ға квота берілді. Әйелдер үшін тиым салынатын мамандықтар тізімі жойылды. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Әйелдер мен қыздарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеуге қатысты шаралар күшейтілді» деді  Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға