Елімізде екінші нарықтағы пәтерлер қаншалықты арзандады

 magnific.com
Фото: magnific.com

Қазақстанда жаңа тұрғын үйлердің бағасы өсіп жатыр. Ал екінші нарықтағы пәтерлердің құны бір ай ішінде аздап төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй нарығына қатысты соңғы деректерінде мәлімдеді.

Мамыр айының қорытындысы бойынша елде жаңа тұрғын үйлердің шаршы метрі орта есеппен 614 019 теңгеге жетіп, бір айда 0,2 пайызға өскен. Ал былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 15,9 пайызды құрады.

Жаңа тұрғын үйлер қай қалаларда қымбаттады

Елордада жаңа тұрғын үй бағасы бір айда 0,3 пайызға өсіп, шаршы метрі 734 534 теңгеге жетті. Жылдық өсім 18,5 пайыз болды.

Алматыда бір ай ішінде баға өзгермегенімен, былтырғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда жаңа пәтерлер 19,8 пайызға қымбаттаған. Қазір мегаполистегі жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 718 362 теңге тұрады.

Шымкентте мамыр айында жаңа тұрғын үй бағасы өзгеріссіз қалды. Қазір қалада жаңа пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен 535 036 теңге тұрады. Ал былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда баға 11,8 пайыз өскен.

Өңірлер арасында ең жоғары жылдық өсімдердің бірі Ақтөбеде тіркелді. Мұнда жаңа тұрғын үй бағасы бір жылда 19,9 пайызға өскен. Сондай-ақ Қонаевта өсім 16,2 пайыз, Ақтауда 9,3 пайыз, Оралда 9,6 пайыз болды.

Ал Өскеменде тұрғын үй нарығы салыстырмалы түрде тұрақты. Мұнда жыл басынан бергі өсім небәрі 0,2 пайызды құрады.

Екінші нарықтағы пәтерлер арзандай бастады

Екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы мамыр айында орта есеппен 0,6 пайыз төмендеді. Қазір ел бойынша қайталама нарықтағы тұрғын үйдің шаршы метрі 626 203 теңге тұрады.

Астанада пәтер бағасы бір айда 0,4 пайызға төмендеп, 725 713 теңгені құрады. Алматыда пәтер бағасы бір айда 0,6 пайызға арзандаса, Шымкентте 0,7 пайызға төмендеді.

Ең үлкен төмендеу Қарағандыда (-2,2 пайыз), Ақтөбеде (-2,1 пайыз), Петропавлда (-2 пайыз), Қонаевта (-1,5 пайыз) және Ақтауда (-1,4 пайыз) тіркелді.

Соған қарамастан, жылдық көрсеткіштер оң динамиканы сақтап отыр. Мәселен, Алматыда қайталама нарықтағы тұрғын үй бір жылда 17,9 пайызға, Ақтөбеде 12,7 пайызға, Түркістанда 12,4 пайызға қымбаттаған.

Ал Павлодар ерекше көрсеткіш көрсетті. Мұнда екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы жыл басынан бері 13,8 пайыз арзандаған.

Құрылыс салушылар қандай баға ұсынып отыр

Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының мәліметінше, мамыр айында жаңа тұрғын үйдің ең қымбат шаршы метрі Алматыда тіркелген.

Қауымдастық деректеріне сәйкес:

  • Алматы – 934 979 теңге/м² (+27,2%);
  • Астана – 655 344 теңге/м² (+14,6%);
  • Қарағанды – 560 929 теңге/м²;
  • Ақтау – 521 250 теңге/м² (-6,7%);
  • Шымкент – 514 981 теңге/м² (-15,1%);
  • Ақтөбе – 362 500 теңге/м².

Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй бағасының өсуіне құрылыс материалдарының қымбаттауы негізгі себептердің бірі болып отыр.

Жалға берілетін баспана да қымбаттап жатыр

Тұрғын үйді жалға алу бағасы да қымбаттап жатыр. Мамыр айында ел бойынша жалдау бағасы орта есеппен 0,8 пайыз артты.

Қызылорда жалдау бағасының өсу қарқыны бойынша көш бастады. Мамыр айында мұнда тұрғын үйді жалға алу құны 6,4 пайызға өскен. Сондай-ақ Көкшетауда (+5,9%), Қонаевта (+4,6%), Қостанайда (+3,2%), Атырауда (+2,9%), Қарағандыда (+2,3%) және Астанада (+1,3%) жалдау бағасы көтерілген.

Ал Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және Өскемен қалаларында жалдау ақысы төмендеген.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстандағы тұрғын үйді жалға алу бағасы 12 пайыз өскен.

Оқи отырыңыз