Жаңалықтар

Елімізде ақпаратқа қол жеткізу мәселелерімен айналысатын комиссия құрылмақ

Елімізде ақпаратқа қол жеткізу мәселелерімен айналысатын комиссия құрылмақ
Фото: pixabay.com 15.02.2023 14:02 774

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылуы мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің тиісті бұйрығында көрсетілген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Құжатта жазылғандай, ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия осы бағыттағы қоғамдық мүдделерді ескеру және қорғау, сондай-ақ ақпаратты пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылады. Ол уәкілетті орган жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган қызметін атқарады.

«Комиссия өз қызметiнде ҚР Конституциясын және заңдарын, ҚР Президентiнiң және ҚР Үкiметiнiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актілерді, сондай-ақ осы сәйкес режені басшылыққа алады», - делінген құжатта.

Комиссияның негізгі міндеттеріне мыналар кіреді:

- ақпаратқа қол жеткізу мәселелерін анықтау, талдау;

- ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру;

- ақпаратты ашық түрде орналастыру арқылы артық құжат айналымын азайту мәселелерін анықтау, талдау;

- ақпарат иеленушілердің ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етуі бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Консультативтiк-кеңесшi органның құрамына Сенаты пен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу саласында ғылыми және сараптамалық білімі бар тұлғалар енеді. Комиссияның кемінде тоғыз мүшесі болуы тиіс.

Бұйрықты ашық талқылау 1 наурызға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға