Жаңалықтар

Елімізде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы төмендеп келеді

Елімізде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы төмендеп келеді
Фото: ©El.kz/Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ 27.05.2024 14:02 438

Қазақстанда жыл басынан бері 21 мамырға дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі 0,2%-ға дейін баяулады. Өткен аптада көрсеткіш 0,1% құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қазіргі бағасына қатысты жағдай 25 мамыр күні Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кезекті кеңесте қаралды.
 
Бір апта ішінде қырыққабат бірден 10,4%-ға арзандаған. Оған Түркістан облысында жаңа өнім алу әсер етті. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, қырыққабатты сатып алуға сауда желілері қосылды, ішкі нарық жаппай толығып жатыр.
 
Күнбағыс майы (-0,6%), қарақұмық жармасы (-0,4%), С1 санатындағы тауық жұмыртқасы (-1,4%) бағасының төмендеуі жалғасуда. Сонымен қатар «төмен бағалар» тобында сүзбе (-0,2%), тауық еті (-0,2%), айран майлылығы 2,5% (-0,4%), тұз (-0,1%) және 1 сұрыпты бидай ұны (-0,1%) бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қорларының көлемі бойынша деректер айтылды. Өңірлерге күзгі өнімді келесі маусымаралық кезеңге жеткізуге форвардтық шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.

Серік Жұманғарин өңірлерге алдағы апта ішінде бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз етуді және қажетті көлемде жаңа өнім жеткізуді жеделдетуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға