Жаңалықтар

Елімізде 600-ден астам оқушы арнайы бағдарламамен білім алып жатыр

Елімізде 600-ден астам оқушы арнайы бағдарламамен білім алып жатыр
Фото: Bilim Foundation 08.11.2023 14:47 1017

Маңғыстаулық 674 жасөспірім «Жарқын Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатыр. Бұл туралы «Bilim Foundation» корпоративтік қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Бағдарлама аясында конкурстық іріктеуден өткен өрендер еліміздің маңдайалды мектептері мен колледждерінде оқу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі таңда олар 11 өңірдегі 57 білім беру ұйымында білімін жетілдіріп, ерік-жігері мен күш-қайратын өзін-өзі дамыту жолында сарп етеді.

Колледждерден бөлек IQANAT, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты, Тараз қаласындағы 125 HIGH SCHOOL бар. Тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау мақсатында білім алу ақысы, жатақханасы, барып-келу жолы және жоғарылатылған шәкіртақы төлемдерінің барлығы қарастырылыпты.

Бағдарламаға 12-18 жас аралығындағы жастар қатыса алады, сонымен қатар мектеп бітіріп кеткен 18-22  жастағылар да білім алуына мүмкіндік беріледі.  15 жастан бастап колледждерге түсіп, белгілі бір салада жұмыс істеу үшін қажетті білімдер мен дағдыларды меңгереді. Олар құзіреттілігін арттыра отырып еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты тегін игере алады.

Үйлестірушілер оқушылар мен студенттердің теориялық білімінде анықталған кемшін тұстарын оқу процесінде түзету қажеттілігін айқындайды. Кез келген бала психологтың көмегіне жүгініп,  іштегі толассыз сезімдер мен эмоциялармен бөлісе алады. Жақын арада грант иегерлерінің жағдайымен танысу үшін Алматы, Қостанай, Қарағанды, Көкшетау, СҚО іссапар ұйымдастырылды, - дейді «Bilim Foundation» корпоративтік қорының президенті Ерлан Аманжолұлы.

Айта кетейік, бағдарлама «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға