Жаңалықтар

Елімізде 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды

Елімізде 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 31.10.2023 11:17 1317

6 мың қазақстандықтың 9 млрд теңгеден астам қарызы бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Биылғы жылдың 3 наурызынан бастап 70 мыңнан астам адам өзін банкрот деп тану үшін өтініш берген. Оның 80 пайыздан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды.

Негізгі себептері: жеке басында мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеу болып табылады. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 9 млрд теңгеден астам борыш сомасына 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды. Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгінген. Дегенмен, жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр (кредитормен қарызды алдын-ала реттеу міндеттілігі, шетелге шығуға тыйым және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі кезінде ұзақ уақытқа төлем мерзімінің өтуіне байланысты), - деді Жамаубаев.

Қаржы министрінің айтуынша, азаматтар банкроттыққа өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы (eGov.kz.), сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады. Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.

Бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін 24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға