Жаңалықтар

Елімізде 460-тан астам арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті
Елімізде 460-тан астам арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді
Фото: delfi.ee 30.01.2023 16:56 711

Қазақстанда 92 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес кабинеті жұмыс істейді. Бұл туралы «Желіге шолу» айдарында Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің басқарма басшысы Ардақ Айтжанова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

«Елімізде 460-тан астам арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Атап айтқанда 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 208 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 92 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 14 оңалту орталығы, 10 autism-орталығы бар. Бұдан бөлек, мектептерде 640-тан астам инклюзияны қолдау кабинеті мен 1 600-ден астам логопедиялық пункт қызмет көрсетеді»,- деді Орта білім комитетінің басқарма басшысы Ардақ Айтжанова.

ПМПК, түзеу кабинеттері мен оңалту орталықтарын көбейту мақсатында министрлік заңнамаға өзгерістер енгізіп, жаңа нормативті бекітті. Осының нәтижесінде ПМПК кабинетін ашуға қойылатын талап жеңілдеп, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға мемлекеттік тапсырыс тетігі енгізілді.  

«Бұған дейін 60 мың балаға бір орталық ашылса, енді 50 мың балаға бір орталық ашылады. Бұл бізге тағы 34 арнайы кабинет ашуға мүмкіндік береді. Биыл 15, келесі жылы 14, 2025 жылы 5 кабинет ашу жоспарланып отыр»,- деді Ардақ Айтжанова.

Соңғы үш жылда жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде арнайы кабинеттер саны едәуір артқанын еске сала кетейік. Елімізде 2019 жылы 71 болса, қазіргі уақытта оның саны 21-ге артып, 92-ге жетіп отыр. Бұл өте маңызды көрсеткіш.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға