Жаңалықтар

Елімізде 3 мыңға жуық су айдынында аквашаруашылықты дамытуға болады – сенатор

15.05.2025 12:07 391
Елімізде 3 мыңға жуық су айдынында аквашаруашылықты дамытуға болады – сенатор

Сенаттың жалпы отырысында депутат Арман Өтеғұлов балық шаруашылығының әлеуеті мен оны дамытудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, соңғы жылдары әлемде балық шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың және өңірлік экономиканы жандандырудың маңызды тетігіне айналып отыр. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, бүгінде жаһандық балық өнімдерінің 53%-ы аквашаруашылық есебінен өндіріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауға сапарында балық шаруашылығын дамыту мәселесін ерекше атап өтті. Соған сәйкес, Үкімет 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама шеңберінде жылдық балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға жеткізу, ішкі тұтынуды 134 мың тоннаға арттыру және табиғи популяцияны 7%-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр, – деді сенатор.

Қазір Қазақстанда бір адамға шаққандағы балық тұтыну көлемі жылына 4 келіні ғана құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш Ресей мен Қытайда 20 келіден асқан. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адам жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуы керек деп есептейді.

Бізде халықаралық және республикалық маңызы бар 20, жергілікті маңызы бар 3 мыңға жуық су айдындарында аквашаруашылықты дамытуға болады. Каспий теңізін есептемегенде, еліміздің су айдындарының жалпы көлемі 5 миллион гектарды құрайды. 2023 жылы табиғи су көздерінен 45 мың тонна балық ауланса, жасанды өсіру арқылы алынған өнім көлемі 24 мың тоннадан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға артық, – деп нақтылады депутат.

Арман Өтеғұловтың айтуынша, Норвегия, Қытай, Вьетнам және Чили сынды елдер аквашаруашылық саласында жаһандық көшбасшыларға айналған. Тіпті көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан да бұл бағытта озық тәжірибе көрсетіп отыр. Мәселен, Өзбекстан 2023 жылы 740 мың долларға балық экспорттаған. Ал Қазақстан сол жылы 24 мың тонна балық өнімдерін сыртқа шығарып, небәрі 75 мың АҚШ доллар табыс түсірген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға