Жаңалықтар

Еліміз Қытайдан 10 миллиард текше метр су қабылдауға дайын

Еліміз Қытайдан 10 миллиард текше метр су қабылдауға дайын
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 26.05.2024 06:20 326

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алтай қаласында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуінен кейін өңірдің гидротехникалық нысандарының жұмысын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұқтырма ГЭС жұмысымен танысып, нысанның бассейндік инспекциялармен өзара іс-қимылын реттедік. Қазір біз қытайлық мамандармен шекарадағы жағдайға байланысты тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінде ҚХР-дан секундына 1810 текше метр су келіп жатыр. Бұқтырма су қоймасында 39 млрд текше метр су жиналды. Нысан тағы 10 миллиард текше метр су қабылдай алады. Осылайша, су қоймасы Қытайдан келетін суды қабылдауға дайын. Жағдай жіті бақылауда. Бассейндік инспекция және «Қазсушар» мамандары мұнда тәулік бойы кезекшілік жүргізеді, - деді министр Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінен су шығыны бүгінде секундына 1800 текше метр, су деңгейі 557 см.

Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контрреттегіші) су жіберу көрсеткіші секундына 900 текше метрге дейін ұлғайтылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға