Елена Тарасенко: Отбасын нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі

Елена Тарасенко: Отбасын нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі
Фото: Атырау облыстық әкімдігі

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Елена Тарасенконың айтуынша, бүгінде мемлекет отбасын қолдау мен әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр.

Оның сөзінше, Ұлттық комиссияның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайтып, әрбір отбасы мүшесінің өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.

Бүгінде біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – отбасы институтын нығайту. Сонымен қатар әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, отбасы мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, гендерлік саясатты дамыту және әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері де басты назарда, – деді Елена Тарасенко.

Оның айтуынша, елімізде отбасына жан-жақты қолдау көрсететін кешенді жүйе қалыптасқан. Бұл жұмыс жастарды отбасылық өмірге дайындаудан басталып, отбасы өмірінің барлық кезеңінде жалғасады.

Қазір Қазақстанда «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін 160 Отбасын қолдау орталығы бар. Мұнда азаматтар заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек ала алады.

Жас отбасыларға нақты қолдау қажет

Елена Тарасенконың айтуынша, бүгінде жас отбасылар үшін ең өзекті мәселелердің бірі – баспана және бала тәрбиесіне байланысты әлеуметтік қолдау.

Жас отбасылар арасында «Отбасы банк» арқылы ұсынылатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына, бала күтіміне байланысты жәрдемақыларға сұраныс жоғары. Сондай-ақ заң бойынша бала күтіміне байланысты демалысты анасы ғана емес, әкесі де рәсімдей алады. Соңғы уақытта мұндай мүмкіндікті пайдаланатын отбасылардың саны артып келеді, – деді ол.

Сенатордың айтуынша, мемлекеттік қолдау тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Мамандар азаматтарға құқықтық кеңес беріп, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге және қиын өмірлік жағдайларда қажетті қолдау көрсетуге көмектеседі.

Жастар алдымен тұрақтылықты қалайды

Елена Тарасенко қазіргі жастардың отбасы құруға деген көзқарасы өзгергенін айтады.

«Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасының деректеріне сәйкес, жастар бүгінде отбасы құру туралы шешімді материалдық тұрақтылықпен, сапалы біліммен және психологиялық дайындықпен байланыстырады.

Қазіргі жастар үшін ең алдымен қаржылық тұрақтылық, қаржылық сауаттылық, психологиялық дайындық, білім алып, мансап құру және экономикалық тәуелсіздік маңызды. Осы факторлар олардың отбасы құру туралы шешіміне тікелей әсер етеді, – деді ол.

Осыған байланысты Отбасын қолдау орталықтарында некеге дейінгі кеңес беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама бес бағыттан тұрады. Онда отбасы психологиясы, жанжалдарды шешу жолдары, қаржылық жоспарлау, репродуктивті денсаулық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қамтылған.

Әйелдер нақты мәселелермен жүгінеді

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасарының айтуынша, орталықтарға келетін әйелдердің өтініштері әртүрлі.

Олардың басым бөлігі заңгерлік кеңеске, психологиялық қолдауға, отбасындағы түсініспеушіліктерді шешуге және мемлекет ұсынатын әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат алуға қатысты.

Отбасын қолдау орталықтары бүгінде нақты көмек көрсететін тиімді алаңға айналды. Егер отбасы қиын жағдайға тап болса немесе кеңес қажет етсе, мамандар құқықтық, психологиялық және әлеуметтік мәселелер бойынша жан-жақты қолдау көрсетіп, мәселені шешуге дейін бірге жұмыс істейді, – деді Елена Тарасенко.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл орталықтарға ондаған мың азамат жүгінген. Олардың едәуір бөлігін жас отбасылар құрайды.

Отбасылық құндылықтар ұрпақты біріктіреді

Елена Тарасенко қоғам үшін отбасылық құндылықтардың маңызы әлі де жоғары екенін атап өтті.

Барша қазақстандықтарға амандық, бақ-береке тілеймін. Ұлттық отбасылық дәстүрлерімізді сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Отбасындағы өзара сыйластық, сүйіспеншілік пен түсіністік кез келген қиындықты еңсеруге көмектеседі, – деп түйіндеді ол.

Оқи отырыңыз