Электронды виза Қазақстанға келетін 105 ел азаматына қолжетімді

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Еліміз туристерді тарту үшін визалық және көші-қон қызметтерін цифрландыруда. Соның нәтижесінде 105 елдің азаматтары Қазақстанға электронды виза арқылы келе алады. Бұл саяхатшылардың уақытын үнемдеп, елге келуді жеңілдетеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, бүгінде әлемнің 105 елінің азаматтары Қазақстанға электронды виза арқылы келе алады. Бұл үшін елшіліктер мен консулдықтарға барудың қажеті жоқ. Бұл туралы министр Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.

Электронды визаның артықшылығы қандай?

Министрдің айтуынша, елде мемлекеттік қызметтерді цифрландырумен қатар көлік қолжетімділігі де дамып келеді. Сонымен бірге негізгі туристік аймақтарда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда 105 елдің азаматтары Қазақстанға электронды виза арқылы елшіліктерге жүгінбей-ақ кіре алады. Сондай-ақ IT мамандарына арналған Digital Nomad Visa және туристерге арналған Neo Nomad Visa визалары беріледі. Қонақтарды қабылдаушы тарап олардың келгені туралы онлайн форматта хабарлама жолдайды, – деді Ержан Сәденов.

QazETA қосымшасының мүмкіндігі

Бұдан бөлек, әуежайлар мен ірі шекаралық өткізу бекеттерінде туристерге QR-коды бар арнайы «туристік карталар» таратылуда. Онда елде болу ережелері мен төтенше жағдайлар қызметтерінің байланыс нөмірлері көрсетілген.

Көші-қон қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін QazETA мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар еліміздің 18 өңіріндегі көрікті жерлер мен ұлттық парктерде туристік полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олар шетелдік қонақтармен еркін тілдесу үшін бірнеше шет тілін меңгерген.

Оқи отырыңыз