Электромобильге жаңа нөмір тіркеу керек – министрлік

 digitalbusiness.kz
Фото: digitalbusiness.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 21 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Аккумулятормен жүретін көліктер жыл санап көбейіп жатыр. Осы орайда Ішкі істер министрлігі аталған көліктерге қатысты тосын мәлімдеме жасады. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтуынша, ІІМ экологиялық көліктер үшін жасыл түсті фонмен ерекшеленетін арнайы нөмірлерді енгізу мәселесін қарап жатыр. Жауаптылар бұл техникалық мәселелерді шешуге көмектеседі деп отыр.

 Электромобильдердің мемлекеттік нөмірінің фонын өзгерту қажет. Әлемде қалыптасқан тәжірибе бар, олар жасыл түске боялады, сондықтан бұл мәселе қарастырылып жатыр және қолдау тапты, – деді ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов.

Елімізде электромобильдер қозғалысын реттейтін заң бар. 2024 жылдың 18 қыркүйегінен бастап Қазақстанда электромобиль иелері коммуналдық ақылы тұрақтарда тегін тұрады. Десе де қолданыстағы автоматты тіркеу жүйелері, тұрақтар мен экобекеттердегі камералар көбіне электромобильді басқа көліктен техникалық тұрғыда ажыратуға қауқарлы емес. Қуаттау құрылғылары турасында мәселе тағы бар. Сондықтан  Мәжілістің Экология жөніндегі комитеті нөмірлер үшін бөлек фон түсін пайдалануды ұсынған.

Электромобильдер Қазақстанға қашан келді?
 
Елімізде электромобильдер алғаш рет 2010 жылдардың ортасында пайда болды. 2017 жылы Қазақстанда небәрі 25-35 ғана электрокар тіркелген. Ол кезде олардың бағасы жоғары болғандықтан, сұраныс та төмен еді. Ал кейінгі жылдары жағдай айтарлықтай өзгерді. 2025 жылға қарай елде 14 мыңнан астам электромобиль тіркеліп, нарық жыл сайын өсіп келеді.
 
Неге сұраныс артты?
 
Сарапшылар мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Біріншіден, электр қуаты бензинге қарағанда арзан. Екіншіден, техникалық қызмет көрсету шығыны төмен. Үшіншіден, экологиялық тұрғыда тиімді. Төртіншіден, мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, ірі қалаларда зарядтау станциялары көбейіп келеді.
 
Бағасы қанша?
 
Қазақстан нарығында электромобиль бағасы айтарлықтай әртүрлі. Оған  аккумулятор көлемі, жүріс қоры және бренд әсер етеді:
  • орта сегмент – шамамен 9–15 млн теңге
  • кроссоверлер – 15–30 млн теңге
  • премиум модельдер – 100 млн теңгеге дейін
 
Қандай брендтер танымал?
 
Қазақстанда электромобильдер арасында бірнеше марка ерекше сұранысқа ие:
  • Tesla – нарықтағы ең танымал бренд
  • BYD – қолжетімді модельдерімен белгілі
  • Zeekr – премиум сегменттегі жаңа ойыншы
  • Hyundai – сенімді әрі практикалық көліктер
  • BMW – люкс сегмент
 
Соңғы жылдары әсіресе қытайлық брендтердің үлесі айтарлықтай өсіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары Қазақстанда электромобильдер саны одан әрі көбейеді. Бұған экологиялық саясат, отын бағасының өсуі мен жаңа технологиялардың дамуы тікелей әсер етпек.
 

Оқи отырыңыз