Электромобильдер Еуропаның мұнайға тәуелділігін азайтты

 brusselsmorning
Фото: brusselsmorning

Еуропада электр көліктеріне сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұған жанармай бағасының қымбаттауы, электр көліктерінің арзандауы, қуаттау инфрақұрылымының дамуы және экологиялық талаптардың күшеюі әсер еткен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Еуропалық автомобиль өндірушілері қауымдастығының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Еуроодақта 413 мыңға жуық жаңа электромобиль тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 23,9%-ға көп. Нәтижесінде электромобильдердің нарықтағы үлесі 15,2%-ға жетті.

Он жылда нарықтағы үлесі бірнеше есе артты

Еуропалық қоршаған орта агенттігінің зерттеуінше, электромобильдерге сұраныс соңғы он жылда қарқынды өскен. Егер 2010 жылы небәрі 600 электр көлігі тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,4 миллионға жетті. Ал 2024 жылы Еуроодақта 1,4 миллионнан астам толық электрлі көлік (BEV) және 800 мыңға жуық гибридті электр көлігі (PHEV) сатылып, олардың жалпы саны 2,2 миллионды құрады.

Қазір электромобильдер ЕО-дағы жаңа көлік сатылымының 20,9%-ын құрайды. Оның ішінде толық электрлі көліктердің үлесі – 13,6%, ал гибридтердің үлесі – 7,3%.

Еуроодақ 2050 жылға қарай климаттық бейтараптыққа қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осыған байланысты жаңа көліктердің көмірқышқыл газы шығарындыларына қойылатын талаптар жыл сайын күшейтілуде. 2035 жылдан бастап жаңа жеңіл автокөліктердің шығарындылары нөлдік деңгейде болуы тиіс.

Электромобильдер нарығында Солтүстік Еуропа елдері көш бастап тұр. Мысалы, Данияда мемлекеттік жеңілдіктердің арқасында электр көліктері жаңа сатылған автомобильдердің негізгі бөлігіне айналды. Ал Германия, Франция және Нидерланд елдері Еуропада тіркелген электромобильдердің барлығының жартысынан көбін құрайды.

Сарапшылар пікірінше, аккумулятор технологияларының дамуы мен жаңа модельдердің көбеюі электромобильдердің қолжетімділігін арттырып, олардың нарықтағы үлесін одан әрі ұлғайта береді.

Мұнайға тәуелділік азайған

Халықаралық энергетика агенттігі батарея технологияларының жетілуі мен өндіріс көлемінің ұлғаюы электр көліктерінің құнын төмендетіп, оларды қарапайым тұтынушылар үшін қолжетімді еткенін атап өтеді.

Электромобильдердің көбеюі Еуропаның мұнайға тәуелділігін де азайтып келеді. Электр энергиясының едәуір бөлігі жаңартылатын көздерден өндірілетіндіктен, мұнай импортына жұмсалатын шығын қысқарып, энергия қауіпсіздігі арта түсуде. Сонымен қатар, электр көліктері көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға көмектеседі.

Мамандар болжамынша, Еуропадағы электр көліктерінің үлесі алдағы жылдары да өсе береді. Бұған жаңа қолжетімді модельдердің нарыққа шығуы, зарядтау бекеттерінің көбеюі және Еуроодақтың экологиялық саясаты ықпал етпек. 2025 жылдың қорытындысында электромобильдер ЕО-дағы барлық жаңа көлік сатылымының 17,4%-ын құрады, бұл бір жыл бұрынғы 13,6%-дан айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

Оқи отырыңыз