Соңғы жылдары Қазақстанда көлік таңдауға деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Бұған бірнеше себеп бар: ең алдымен жанармай бағасы үнемі өсіп отырады, одан қалды электромобильдер күн санап артып келеді.
Сондықтан «таңдау жоқтай» көрінетін нарықта қазір үш түрлі бағыт бар: жанармаймен жүретін көліктер, толық электрлі көліктер және гибридтер.
Нақты есеп: кім ұтады?
Сырттай қарағанда бәрі қарапайым сияқты: электр – арзан, жанармай – қымбат. Бірақ негізгі мәселе мұнымен бітпейді. Себебі көлікті күнделікті пайдаланудың артында шығыннан бөлек оның ыңғайлы, жайлы, сенімді болуы да маңызды. Электрокарларға келетін болсақ, елдегі инфрақұрылым мәселесін де ұмытпаған жөн.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда соңғы уақытта жанармай бағасы айтарлықтай өзгерді. Әсіресе АИ-95 маркалы бензин құны қалтаға салмақ екені сөзсіз. Мысалы, Алматыда бір литрдің бағасы бірнеше ай ішінде 13-28 теңгеге дейін қымбаттаған. Астана мен Шымкентте де осыған ұқсас үрдіс байқалады.
Жүргізушілер арасында электромобильге назардың көбейе бастауы да сондықтан. Бірақ ол қанша жерден үнемді, қоршаған ортаға зияны жоқ боп көрінсе де, инфрақұрылым мен жүріс қашықтығына байланысты күмәнмен қарайтындар әлі де көп.
Осы мәселенің басын ашып алу үшін нақты сандарды «сөйлетіп» көрейік. Егер тек құрғақ есепке жүгінсек, электромобильдің тиімділігі бірден байқалады. Орташа алғанда, жанармаймен жүретін көлік 100 шақырымға шамамен 8-10 литр бензин жұмсайды. Ал электромобиль сол қашықтыққа 18-20 кВт/сағ энергия тұтынады.
Қазіргі тарифтерді есепке алсақ:
- бензин көлігі (2 литр) – шамамен 3000 теңге / 100 км
- электромобиль – шамамен 600 теңге / 100 км
Жылдық 10 мың шақырым жүрісте:
- бензин – 300 мың теңге
- электр – 60 мың теңге
Былай қарасаң, айырмашылық шамамен 4-5 есе.
Бұл тек энергияға қатысты шығын. Басқа шығындарды қоспағанның өзінде де айырмашылық айқын.
Электр қуаты: қанша тұрады?
Электромобильдің тиімділігі көп жағдайда қай жерде қуаттайтыныңызға байланысты.
Қоғамдық станцияларда тариф әртүрлі:
- баяу қуаттау – 40-70 теңге/кВт
- жылдам қуаттау – 60-100 теңге/кВт
Ал үйде қуаттаған әлдеқайда тиімді. Кей өңірлерде тариф 22-30 теңге шамасында ғана. Демек үйде қуаттайтын жүргізуші үшін электромобиль одан да тиімді бола түседі.
Қуаттау үшін уақыт керек
Дегенмен электромобильдің бір әлсіз тұсы бар – қуаттау уақыты.
Жылдам станциялар батареяның 80 пайызын жарты сағатта толтыра алғанымен, толық қуаттау бірнеше сағатқа созылуы мүмкін .
Бұл әсіресе ұзақ жолда маңызды фактор. Бензинмен жүретін көлігінде мұндай мәселе жоқ – бірнеше минутта жанармайыңызды құйып, сапарыңызды жалғастыра бересіз.
Есесіне электромобильдің басты артықшылықтарының бірі – құрылымының қарапайымдылығы.
BYD Kazakhstan техникалық директоры Дархан Қалтаев бұл туралы былай дейді:
Мұнда техникалық қызмет көрсету аралығы 20 мың шақырымды құрайды, ал бензинмен жүретін көліктерде бұл көрсеткіш әдетте 10 мың шақырым. Электр қозғалтқышы іс жүзінде техникалық қызметті қажет етпейді, ал рекуперация жүйесінің арқасында тежегіш қалыптары мен дискілерінің тозуы бірнеше есе азаяды.
Маманның айтуынша, электромобиль тек энергия жағынан емес, техникалық қызмет көрсету тұрғысынан да үнемді.
Дегенмен қағаз жүзіндегі есеп бір басқа да, шынайы өмірдегі тәжірибе мүлде бөлек. Электромобиль мен бензин көлігін салыстырғанда ең дұрыс тәсіл – оны күнделікті пайдаланып жүрген жүргізушілердің пікіріне құлақ асу. Себебі саннан гөрі тәжірибе шынайы көріністі айқындап береді.
Осы тұрғыда біз алдымен Қазақстанда ең кең таралған көліктердің бірі – Toyota Camry иесімен сөйлесіп көрдік. Оның айтуынша, қаладағы нақты шығын көпшілік ойлағаннан жоғары.
Мен үшін электрмен жүретін көлік әзірге қолайсыз. Себебі алыс сапарға жиі шығамын. Кейде шұғыл түрде жолға аттануға тура келеді. Ал ондай кезде көліктің қуаты таусылып тұрса, оны қуаттап отыруға уақыт тапшы. Ал қазіргі көлігім 2021 жылғы, қозғалтқыш көлемі – 2,5 литр. Қала ішінде, кептелісті есептегенде, 100 шақырымға шамамен 12 литр жанармай жұмсайды. Ал трассада үнемдірек: мысалы, Алматыдан Шымкентке дейінгі шамамен 830 шақырым жолда 55 литр жанармай кетті. Егер жылдамдық 100-110 км/сағ болса, орта есеппен 7-7,5 литр шығын шығады. Ал жылдамдық артса, шығын да көбейеді, – дейді Сәбит Ыдырыс есімді жүргізуші.
Бұл жерде маңызды нәрсе – қаладағы кептеліс, яғни өмірде шығын құжаттағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Гибрид: тиімді шешім
Соңғы жылдары нарықта гибрид көліктер көбейіп келеді. Олардың бірі – BYD Song Plus DM. Мұндай көлікті жүргізіп жүрген Сырым есімді кейіпкеріміз гибридтің қалай жұмыс істейтінін қарапайым тілмен түсіндіріп көрді:
Жалпы, қазіргі көлігім – қытайлық BYD Song Plus DM-i моделі. Бұл – гибрид, яғни толық электр көлігі емес. Өзім техника жағынан қатты терең білмегендіктен, қарапайым тілмен түсіндірейін. Бұл көлікте негізгі күш электр моторынан келеді. Ал бензин қозғалтқышы көмекші рөл атқарады – ол аккумуляторды қуаттап отырады. Мысалы, батареяның қуаты шамамен 20 пайызға дейін төмендесе, автоматты түрде бензин қозғалтқышы іске қосылып, электрді қайта қуаттай бастайды. Осылайша, бензинмен жүріп келе жатқанның өзінде көлік біртіндеп қайтадан 70 пайызға дейін қуат жинай алады.
Бұл жерде гибридтің жүргізушіні толық электрге тәуелді етіп қоймайтынын басты артықшылық деп айтуға болатын шығар. Себебі көліктің қуаты бітіп қалса да, жарты жолда қалып қоймайсыз.
Сырымның айтуынша, күнделікті өмірде ол көбіне электр режимін пайдаланады:
Көлікті шамамен бір жарым сағаттай қуаттаймын – толық 100 пайызға дейін толады. Оның құны шамамен 1800 теңге ғана, өте үнемді. Жазда бір толық заряд маған шамамен үш күнге жетеді. Ал қыста бұл көрсеткіш азаяды – кейде 1-2 күнге ғана жетуі мүмкін. Себебі қыста пеш қосылады, көліктің энергия тұтынуы артады.
Бұл жерде де электр көлігі сияқты ауа райы – маңызды фактор.
Гибридтің тағы бір артықшылығы – жүріс қоры.
Егер толық бак бензин және толық қуатпен жүрсеңіз, жалпы жүріс қоры шамамен 900-1000 шақырымға дейін жетеді. Өндіруші 1200 км деп көрсетеді, бірақ шынайы өмірде шамамен 900-950 шақырым аралығы болады деп ойлаймын, – дейді Сырым.
Бұл дегеніміз – гибрид бензин көлігінің автономдылығын сақтай отырып, электрдің үнемін береді деген сөз.
Технология мен жайлылық: жаңа буындағы көліктер
Қазіргі электромобильдер мен гибридтер үнемділігімен ғана емес, технологиясымен де ерекшеленеді.
Функционал жағынан да артықшылықтары көп. Мысалы, көлікті арнайы қосымша арқылы басқаруға болады: қашықтан оталдырып, қыздырып, салондағы температураны реттей аласыз.
Ішінде дауыспен басқару жүйесі бар. Тағы бір ерекшелігі – көліктің ішінде интернет бар. SIM-карта арқылы YouTube, Kinopoisk сияқты платформаларды көруге болады. Мониторы үлкен, барлық ақпарат – шығын, заряд деңгейі, статистика – бәрі көрсетіліп тұрады, – дейді гибрид иесі.
Электромобильдің осал тұсы бар ма?
Алматы тұрғыны Берік электромобильге көшкеніне еш өкінбейтінін алға тартады. «Шығыным аз, есесіне жаңа технологияға негізделген көлік тізгіндеу ерекше сезім сыйлайды» деп отыр. Оның үстіне мұндай көліктің табиғатқа еш зияны жоқ.
Бұрын Toyota Camry 50-мен жүретін едім. Кейін алғашқылардың қатарында қытайлық Hongqi E-QM5 көлігін сатып алдым. Іші де әдемі, соған қарамастан нарықтағы бағасы 7-8 млн теңге шамасында ғана. Қуаттау жағынан да мәселе жоқ, қуаттайтын жерлер қалада көп. Жұмыстан бос уақытта жолаушы тасымалдаймын. Бұрынғысына қарағанда қазіргі көлігімнің тарифі де қымбат, – дейді электрокар жүргізушісі.
Бұл электромобильдің қала ішінде шынымен де ыңғайлы екенін аңғартса керек. Дегенмен мұндай автоны сатып алардан бұрын ауа райының ерекшеліктерін ескермеуге болмас. Себебі қысы қатал Арқа өңірінде электрокарларға күтім көбірек керек болатынын байқап жүрміз.
Техникалық қызмет: қайсысы тиімді?
Жанармаймен жүретін көліктің басты артықшылығы – ол техникалық қызмет көрсету сала мамандарына түсінікті. Бірақ шығыны да салыстырмалы түрде көп.
Сәбит бұл туралы:
Әр 7-8 мың шақырым сайын мотор майын ауыстырамын – бұл шамамен 25-30 мың теңге. Ал әр 40 мың шақырым сайын беріліс қорабының майы ауыстырылады, оның құны 35-40 мың теңге шамасында. Сөйте тұра бензин көлігінде қызмет көрсету түсінікті әрі қолжетімді. Егер көп жүрмейтін адам болса, бензин көлігі де аса шығын әкелмейді. Әрине, электромобильдердің болашағы бар екені рас, бірақ Қазақстан жағдайында ол әлі толық қалыптасқан жоқ деп ойлаймын, – дейді.
Рас, әзірге бензинмен жүретін көліктердің артықшылығы – кез келген қалада сервистік орталық таба аласыз. Алыс сапарға шыққанда да қызмет көрсету мәселесі аса қиындық туғызбауы мүмкін. Ал электрокарлар жиі бұзылмайды, бірақ бұзылса – мәселе туындайды, себебі өңірлерде сервис желісі әлі толық дамымаған.
Сөйте тұра электрокар иесі көлігіне қатысты әзірге ешқандай шағымы жоқ екенін айтады.
Қыста ешқандай қиындық көрген жоқпыз. Бұрын Camry-дің моторының дыбысы естіліп тұратын, мына көлікте тып-тыныш, артық шу жоқ. Жұмысым Қапшағайда. Алматымен екі арада еш қиындықсыз қатынаймын, – деп нақтылады Берік.
Ең тиімді нұсқа қайсы?
Қазақстанда электромобиль иелері үшін белгілі бір жеңілдіктер де бар:
- көлік салығынан босатылған
- кей қалаларда тұраққа жеңілдік қарастырылған
Бұл да жалпы шығынды азайтатын факторлардың бірі.
Электромобильдің тиімділігіне қарамастан, оны әмбебап шешім деп айту қиын.
Негізгі шектеулер:
- инфрақұрылым әлі толық дамымаған
- ұзақ сапарға шығу қиындау
- қуаттау уақыты ұзақ
Ал жанармаймен жүретін көлік:
- автономды
- кез келген жерде жанармай құюға болады
- ұзақ жолға ыңғайлы
Сондықтан таңдау жүргізушінің өмір салтына байланысты.
Жүргізушілердің пікіріне қарап, мынадай қорытынды жасауға болады:
Қала ішінде – электромобиль тиімді
Ұзақ жолда – әзірге бензин ыңғайлы
Екеуінің ортасы – гибрид
Сырымның өзі бұл туралы қысқа әрі нақты айтады:
Гибридтің ең үлкен артықшылығы – жолда ешқашан қиын жағдайда қалмайсыз. Егер электр қуаты таусылып қалса, көлік автоматты түрде бензинге ауысып, жүре береді. Меніңше, гибрид көлік – қазіргі жағдайда өте ыңғайлы шешім. Ол әрі үнемді, әрі сенімді, әрі күнделікті қолдануға қолайлы. Одан қалды бұл көлік Қазақстанда Astana Motors арқылы ұсынылатындықтан, жүйесінде қазақ тілі бар. Мен үшін бұл маңызды артықшылық, – деп түйіндеді ол.
Әрине, көлікті әркім ішкі түйсігіне, қызығушылығына және қалтасына қарай таңдайды. Дегенмен таңдау эмоциямен емес, нақты қажеттілік пен есепке сүйеніп жасалғаны жүйкеңізді де, қаражатыңызды да үнемдейтіні анық.