
Елдос Сметов Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне құрметті қонақ ретінде қатысады
9-11 мамыр күндері Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында әлемдік дзюдоның үздіктері бас қосатын Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған жарыстың құрметті қонағы ретінде Токио Олимпиадасының чемпионы, әлем және Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Елдос Сметов арнайы қатыспақ. Спортшы соңғы айларда Англияда тіл меңгеріп, жуырда ғана елге оралды. Париж Олимпиадасынан кейін татамиге шықпаған Сметов бұл жолы татамиде емес, трибунада болып, отандық спортшыларға жанкүйер болмақ. Айта кетейік, былтыр дәл осы турнирде Сметов қола жүлдені еншілеген болатын.
Qazaqstan Barysy Grand Slam – әлемнің үздік дзюдошыларын бір аренаға жинайтын айтулы дода. Биыл турнирге қатысатын әлемдік жұлдыздардың қатарында екі дүркін Олимпиада чемпионы (2020, 2024), үш дүркін әлем чемпионы жапониялық Нагасе Таканори бар. Сондай-ақ, Рафаэла Сильва (Бразилия), Олимпиада чемпионы (2016), екі дүркін әлем чемпионы, Беатрис Соуза (Бразилия), 2024 жылғы Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), Олимпиада ойындарының (2024) қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Целидис Теодорос (Грекия), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2024), Еуропа чемпионатының жүлдегері, Нильс Штумп (Швейцария), әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының жүлдегері, Тамаоки Момо (Жапония), әлем чемпионатының бес дүркін чемпионы, Неманья Майдов (Сербия), әлем және Еуропа чемпионы.
Бұл турнир Астана қаласындағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 9-11 мамыр күндері өтеді.