Жаңалықтар

Елдімекендерде заманауи мектептер ашылды

Республика күніне орай жаңа білім ордалары қолданысқа берілді
Елдімекендерде заманауи мектептер ашылды
Фото: gov.kz 24.10.2022 18:50 4117

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз деді. Осыған орай, елдімекендерде білім ордалары қолданысқа берілуде, деп хабарлайды El.kz

 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебі бүгін қолданысқа берілді. Аталған оқу ордасында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалған. Бұл туралы бізге мектеп директоры Аймекен Бақтығалиева айтып берді. 

«Республика күніне орай жаңа мектебіміз ашылып жатыр. Өте қуаныштымыз. Білім ордасы 420 оқушыға шақталған. Заманауи асхана, сынып, спорт залдармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. 15 интерактивті тақта орнатылды. Информатикалық кабинеттер толығымен компьютермен жабдықталды. Қыс мезгіліне сақадай саймыз. Жылу, су жүйелері бәрі ішінде қосылған. Біз «Бауыржан тану», «Ақиқат» дебат клубы, «Цифрлы мұғалім», «Оқуға құштар мектеп» сияқты тағы басқа жобалармен жұмыс жасаймыз, – деді мектеп директоры Аймекен Бақтығалиқызы.

2021 жылы басталған құрылыс жұмысы уақытында аяқталды. Жалпы құны – 1 191,07 млн.теңгені құрады.

Мектепте 67 білікті педагог қызмет атқарады. Соның ішінде, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшылар бар. Жаңа ғимаратта 21 оқу кабинеті, ауласында футбол, баскетбол, жүгіру және спорт алаңдары, төрт демалу орны, кітапхана және 30 орындық оқу залы, 208 орындық акт залы, 72 орындық асханасы бар.

Оқушылар екі ауысыммен оқиды. Жаңатаң ауылынан 41 бала тасымалмен қамтылуда. Оқыту аралас тілде жүргізіледі. Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 40 оқушы қабылданып, мектепалды даярлық тобында 45 бала тәрбиеленуде.

Семей қаласының Степной кентінде 

Абай облысының орталығы Семей қаласының Степной кентінде заманауи талаптарға сай 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды.

Жаңадан салынған мектеп спорт залы, 108 орынға арналған  асхана, 100 орынға арналған акт залы, зертхана кабинеттері мен шеберхана, жаңа модификациядағы кабинеттермен жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында мектепте арнайы 24 ішкі және 15 сыртқы бейнекамера орнатылды.

Әр оқу кабинеті 19 интерактивті және 19 маркерлі тақтамен, 23 телевизормен қамтылды. Физика, химия - биология кабинеттерінің жанында зертханалық кабинет жасалды. Физика кабинетінде оқушылардың партасына арнайы тоқ көздері орнатылса, химия-биология кабинетінде оқушының оқу партасында су құбыры және кәріз жүйесі қосылған.

Әдеби-көркем шығармаларды сақтайтын кітапхана қоры 20 орындық оқу залынан тұрады.

Бұдан басқа, оқушыларды  медициналық тексеру және профилактикалық екпе шаралары медициналық кабинетте жүзеге асырылып, алғашқы көмек көрсетіледі. 108 орындық асхана оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Жуынатын бөлмесі мен киім сақтайтын бөлмелері бар. Есік алдындағы волейбол, баскетбол, футбол алаңдары оқушылардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға